25.09.2018 в 18:31

ЖУАЛЫДА ТАУ-ШАҢҒЫ ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Жамбыл облысы  Жуалы ауданында тау-шаңғы демалыс кешенінің құрылысы басталды. Бұл жөнінде облыстық ақпарат қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда «Қара алма» құрылыс нысанының  инфрақұрылымы  тартылып, қонақ үйлер мен мейрамханалардың орны белгіленген. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Елбасы өзінің жыл сайынғы Халыққа Жолдауында:  «Тұрғындарға жағдай жасау мен олардың әл-ауқатын жақсарту үшін кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтты. Және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматындағы жаңа жобаларды әзірлеуді Үкіметке, барлық облыс басшыларына жүктеген болатын.

Жолдауындағы он бірінші бағыты бойынша – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізінде стратегиялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ осы саладағы басқару сапасын көтеруді, Үкіметке әкімдермен бірлесіп, осы заманғы инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын, бұл міндеттер:

- біздің халықаралық инфрақұрылымдық рынокқа кірігуімізді;

- өңірлердің экономикалық белсенділік орталықтарын дамытуды;

- көліктің алуан түрлері арасындағы технологиялық өзара ықпалдастығын;

- бизнес пен азаматтардың шығасысын кеміту міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.

Бұл жоспарды іске асыру үшін біз мемлекеттік холдингтердің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыруға тиіспіз» -деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың наурыздағы жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасында» да республикамыздың туристік әлеуетін дамыту сапасына қатысты проблемаларды шешу жоспарын қадап айтқан еді.

Ендеше Жамбыл облысындағы қолға алынған бұл маңызды жоба Президент тапсырмасының іске асырылуының нақты көрінісі. Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады. Елді мекеннен 6,5 шақырым болатын жолдың 5 шақырымы аяқталған. Сондай-ақ, теңіз деңгейіннен 2000 метр биіктікке  таудың ұшар басына дейін аспалы жол жалғасады. Жоспар бойынша аспалы жолдың құрылысы екі айда бітеді. Қазір кешеннің инфрақұрлымы да аяқталуға жақын.

Бахтияр Көпбосынов Жуалы ауданының әкімі:

– Газификацияның 90 пайызы келіп тұр. Су бұрғылау жұмыстары 250 метрден су шығуы керек. Қазіргі таңда 200 метр су бұрғылау жұмыстары жалғасуда. Сондықтан бұл жерде осы инфраструктура жұмыстары 80 пайызға аяқталды деп айтуға болады, – дейді.

 

Сонымен қатар, мұнда шағын қалашық бой көтереді. 4 гектар жер бөлініп, оған қонақ үйлер, мейрамханалар және 20 коттедж салынады. Демалыс орны Жамбыл мен Түркістан облыстарының қақ ортасында тұр. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойынан небәрі 7 шақырым қашықтықта. Одан бөлек қары қалың, қысы ұзаққа созылатын  жердің  табиғаты  жыл он екі ай бойы туристерді тартуға таптырмайтын орын. Жоба толықтай жүзеге асса, тәулігіне 5 мың адамға дейін келіп шаңғы тебе алады. Туристік нысан  келер жылы дайын болады.