26.09.2018 в 21:28

ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕНДЕГЕН

Ағымдағы жылдың 8 айында Жамбыл облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті сыбайлас жемқорлық бойынша 5 құқықбұзушылықты анықтаған. Бұл туралы ведомствоның және ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның кеңейтілген отырысында айтылды.

Алқалы жиын  барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабына сәйкес Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары туралы нұсқаулық шығарылды. Заң бұзушылықтар көбіне кәсіпкерлер тарапынан орын алады. Мәселен, алкогольді өнімдерді құжатсыз сатылымға қою,парақорлық және тағы басқалар. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың туындауына байланысты өзекті мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, жең ұшынан жалғасқан бұл індеттің пайда болуына ықпал ететін факторларды болдырмау және алдын алуға арналған тиісті  шаралар қабылданды. Атап өткендей, Мемлекеттік кірістер  департаменті  еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, ішкі сыбайлас  жемқорлықты анықтау үшін белсенді түрде жұмыс жасайды.Бұл шаралардың барлығы жемқорлық фактілерін азайтуға бағытталған.

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департмаменті  қызметтік тергеу бөлімінің бас маманы Мақсат Ізбасардың айтуынша, 2015-2018 жылдар аралығында сотқа дейінгі жүргізілген тергеу шаралары бойынша статистикасы біршама жағымды нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Айталық, үстіміздегі жылдың 8 айынан бері небары 5 құқықбұзушылық фактісі анықталған және тіркеу есебіне алынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әрқашан Елбасының назарында. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», - деген болатын.

Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сондықтан, Президент жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігін атап көрсетті.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.