27.09.2018 в 00:08

ТҰРҒЫНДАР ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСТЕР АЛДЫ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің және аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді ашық, тиімді әрі жедел көрсету мақсатында «Qoljetimdi qyzmet» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі Ащыбұлақ ауылдық клубында Ащыбұлақ, Шайдана ауылдарының тұрғындарына өткізілді.

Жәрмеңкеге қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, Жамбыл облысының ішкі істер департаменті, Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Жамбыл ауданының әділет басқармасы, жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Жамбыл аудандық бөлімшесі, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ветеринария, ауыл шаруашылығы, дене шынықтыру және спорт, жер қатынастары, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері, АХАТ бөлімшесі және халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталықтары, орталық аурухананың қызметкерлері ауыл тұрғындарының көкейде жүрген сауалдарына тұщымды жауап қайтарып, пайдалы кеңестер берді. Жиналған тұрғындарды сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі ерекше қызықтырған және сұрақтар да осы төңіректе болған.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың үстіміздегі жылғы Халыққа Жолдауында белгіленген бес негізгі басымдылық, еліміздің дамуының барлық салаларын қамтиды, соның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл құжатта маңыздылығы жөнінен айрықша көтерілген мәселе сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты болғанын білеміз.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы - адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Жәрмеңке алдында тұрғындар аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.