11.11.2014 в 15:43

Кореяда «Корей тілі күні» қалай аталып өтеді?

 

«Қазақ тілі күні» деген арнайы ұлтық мейрам жариялайық!

Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл.

М.Жұмабаев

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады».

Ахмет Байтұрсынов

«Ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар.

Ол - қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тіліне айналды.

Тіл мәселесін біз даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек».

Н.Ә.Назарбаев

Кореяда көпшілік жұрт білмейтін «Корей тілінің күні» деп аталатын ресми мемлекеттік күн бар. Бұл күн оларда жалпыұлттық ұлы мейрам. Бәрі демалады. Осы бір ғажап мерекенің Таңғы шық елінде мемлекеттік тұрғыда қалай аталып өтетінін бір емес, бірнеше мәрте көрген едім. Әр көрген сайын корейлердің өз ана тіліне деген шексіз құрметіне тәнті болдым. Оны көрген сайын басшы демей, қосшы демей бүкіл халық болып «Шіркін, қазақ тіліне осындай құрмет жасай алар ма екенбіз?» деген ой мен арман көкіректе тулайды. Алайда азаттық ауасын кере жұтқанымызбен ана тілімізге деген махаббатымызды мемлекеттік ауқымда әспеттей алмай отырғанымыз өкінішті.

Ана тілдің қамы – патшаның зары

Тарихтан мәлім, 60 миллион жанашыры бар корей тілі бірден өркен жайып кете қойған жоқ, қысым көрді, көкейден де көмейден өше жаздады. Алпауыт жапон, Қытай, Батыс елдері мен орыс патшалықтары тоқымдай Корей түбегіне көз алартқан қиын-қыстау заманда корей ұлтының тілінің тағдыры қыл үстінде тұрды. Мектептерде жапон тілі ғана оқытылып, төл тарихы бұрмаланып, Қытай билігі көп ықпал етуге тырысты. Еуропалық отаршылдар да өз тілінде сөйлеткісі келді. Биыл корей тілінің пайда болуына 568 жыл болды. 14 ғасырда өз ұлтының қамын ойлаған Седжон патша тұңғыш рет корей тілін жүйеге түсіріп, мемлекеттік деңгейде қолдануға пәрмен етті. Седжон патшаның ойы бойынша «қарапайым халықты сауатты және ақылды ететін тілді жасап шығару» керек болған. Қарапайым халықты сауатты және ақылды ету үшін жеке тілі болу керек деп шешкен. Негізгі мақсаты - корей қоғамындағы қарапайым халықты менсінбеушілік пен қанаушылықты, оны елеп-ескермеушілікті жою үшін жаңадан тіл жасауды, елді ана тілімен басқаруды қолға алған. Сондай жарқын мақсат пен сарабдал саясаттың арқасында корей тілі жеке тіл болып қалыптасқан. Халықтың бағына туған патша корей тілі арқылы дүйім корей халқын білім мен ғылымға үйретіп, қарапайым елдің көзін ашып, сауаттандыруға талпынған. Өйткені сол кездегі мемлекеттік шенеуніктер мен ауқатты ақсүйектер қарапайым халықтың білімді болғанын қаламаған. Седжон олардың бұл әрекетін қате деп бағалайды. Ол халық жаппай сауатты болса ғана мемлекет мықты болады деп ең бірінші тіл саясатын жүргізді. Корей тілін жасап шығарудағы төрт мақсатын атап өтуге болады. Бірінші, қарапайым халықты сауатты ету. Екінші, ана тілі арқылы елді бақытты ету. Үшінші, Қытайдың ықпалынан босау. Төртінші, мемлекеттің қуатты болуын айқындау. Міне, сол Седжонның құрметіне Таңғы тазалық елінде ұлан-асыр мереке жасайды. Тарихи сәтті Президенттен бастап Үкіметтің бүкіл мүшесі, аймақ басшылары мен саясаткерлер бас қосып атап өтеді. Сеулден бастап әр аймақта корей тілінің мерейі үстем болады. Жыл сайын «Корей тілі күнінің» құрметіне арнайы мемлекеттік шара ұйымдастырылады. Мерейлі кешке министрдің арнайы шақыртуымен білім мен өнер қайраткерлері, сыйлы қонақтар келіп қатысады. Шетелдік танымал зерттеушілер іріктеліп шақырылады. Сондай бір шақыртудың құрметіне мен де ие болып, қатысып қайтқаным бар еді.

Түбектегі «екінші» тілден – әлемдегі екінші тілге дейін...

«Корей тілі күні» ерекше аталатын салтанатты кешке Премьер-министр қатысты. Бас уәзір залға кірген кезде жұрт орнынан тұрып шынайы құрмет көрсетті. Қалай құрмет көрсетпейді, тіліне құрмет білдірген шенеуніктерге халық та риза ғой. Көп кешікпей, кеш басталды. Гимн ойналды. Бүкіл үкімет мүшесі орнынан тұрып тағзым етті. Одан кейін тағы екінші рет тұрып корей тіліне тағзым етті. Яғни олар алдымен гимнге, сосын ана тіліне осылай құрмет көрсетті. Бұдан соң корей тілінің дамуына қатысты бірқатар мықтылар сөз сөйледі. Корей тілінің әлемдік тілдердің қатарына енуге мүмкіндігі бар екендігін, қазірдің өзінде танымал он елдің тілінің біріне айналғандығын айтып жатты. Оған қосарым, қазірдің өзінде корей тілі, ағылшын тіліне қарағанда көп үйретіліп жатқан тіл. Шығыс тілдерінің ішінде қытай тілі мен араб тіліне бәсеке тудыруда. Бұл тегін болмаса керек, енді БҰҰ-ның сараптауы бойынша әлемге кең таралатын Қытайдан кейінгі Шығыс тілі болуы мүмкін деген жорамалдар жасалуда.

Кеште корей тілі туралы әдемі әндер айтылып, сазды шығармалар ойналды. Бүлдіршін балалар корей тілі туралы ән шырқап, сахналық қойылымдар қойылды. Седжон патшаның елі үшін қалай қайғырғаны сахналанды. Тіл білмесе елім басқа елге бодан болады деп мұңайған Седжонның көзқарасы, ақыл-парасаты сырттай бақылаған мен сияқты шетел азаматтарын да сүйсінтпей қоймайды. Міне, ғажап сахналық қойылым. Бір кезде корей тілінің дамуына үлес қосқан ғалымдарды премьер-министр өз қолымен марапаттады. Президенттің қолы қойылған сыйлықтар ғалымдарға табыс етілді. Көрген кештен ғажап әсермен қайттым. Қараңызшы, тілі үшін уақытын бөліп келген мұндай азаматтар әлі де ұлтына аянбай қызмет жасай беретіндей. Кеш аяқталып, сыртқа шығып едік. Сыртта корей тілі күніне қатысты көше бойында қызу ойындар мен сайыстар, концерттер өткізіліп жатты. Теледидардан корей тілі туралы арнайы бағдарламалар қойылды. Көшеден бастап үйге дейін, үйден президент резиденциясына дейін корей тілінің күні сезіліп тұрды. Әрбір корейдің баласы сол күні ата-анасымен бірге корей тілінің пайда болуының маңызы мен себебі, оның ана тілі екендігі туралы жүрегімен ұғынды. Кітап дүкендерінде ата-аналар «Седжон сендер үшін не жасап кетті» деп баласынан қазбалап сұрап жатыр. Жауап берсе сүйікті кітабыңды алып беремін дейді. Көшеде корей тілі туралы сурет салып жатқан қаракөз корейдің баласы... Асфальтта сурет салып, қара терге малшынып жатқан оларға қарап, қазақтың баласы осылай ана тілін ендігі елу жылда суреттеп, ана тілін осылай көшеде де, көкірегіне де бейнелеп, көркемдер ме екен деген ой келді. Біз балаларға сондай бір тамаша күнді қашан сыйлар екенбіз? Қазақ тілі деген күніміз тұрмақ, Тәуелсіздік күні деген ұлы мейрамды да жаңа жылдың тасасында қалдырып, Валентиннің шаңына көміп тастадық. Тілімізді құрметтемей, тәуелсіздікті тұғырлы ету мүмкін де емес. Иә, біз де «Аяулы ана тілі күні» деген күнді белгілесек деген берік ойдамыз. Әр қазақтың баласы мемлекеттің тірегі болатын діні мен тіліне арнайы бір күнді белгілеуді қолдау қажет деп санаймын. Өйткені сол арқылы тіліміздің мәртебесін анықтап, ұрпаққа қажетті тәрбиені беріп кетер едік. Тілге деген құрмет пен қасиет бар болсын десек, бізге ойлану керек. Байқағаным, «Корей тілінің күнін» барлық басылым біткен жазып, халық қалаулылары тіл туралы ойын ортаға салады. Президент бүкіл халықты айтулы мерекемен құттықтайды. Ана тілмен төресі де, тентегі де бірге болады. Осы күн корей еліндегі ең әдемі бір мереке секілді маған үлкен әсер қалдырды. Расында ең әдемі мереке деуге лайық. Осындай ең абзал, әрі қадірлі, маңызы зор, тарихи күнді біздің қазақтың қайратты жастары жасай аламыз ба? Жасау үшін жұмылып жұдырық болу қажет. Әйтпесе, жасау қайда оны?!

Бұдан басқа бір ғажап дүниені айтайын. Корей елінде «Корей тілі» деген ұлттық мұражай бар. Оның іші кірсеңіз шыққысыз. Ана тіліңе деген махаббатың оянып, көзіңе жас келеді. Аралап көрсең, бәрі ана тілі туралы жазылған. Тарихи мұрағаттың ең мықтысы сонда. Ал тура сондай тіл туралы мұражай біздің елде қашан бой көтереді? Аты мен заты кейде түсініксіз мұражайларға кейбір ақын, жазушылар бастық болып отыр. Оған шетелдік түгілі қала тұрғыны өмірі бармайды. Кейбір мұражайлар бірде ашылса, бірде жабылып жатады. Менің ойымша, бізге осындай бір тіл туралы мұражай ашу керек. Егер тіліне құрмет көрсеткісі келетін азаматтар болса, бәріміз қосылып қаражат жинап, қазақ тілі деген мұражайдың ашылуына ықпал жасауымыз қажет. Астананың төрінде ана тілі деген мұражай болса, ұлтымыздың ертеңі үшін аса маңызды болар еді. Онда тілге қатысты тарихи құжаттар, мемлекеттік конституция, тіл туралы заңдар, тіл туралы зерттеулер, ұлылардың тіл туралы зерттеулері, батыл қадамдары, ойлары және тілге қатысты озбыр саясаттардың бәрі бейнеленуі қажет. Сонда ғана тілдің қаншалықты маңызды екенін біздің ұлт пен ұрпақ түсінеді. Менің ойымды қолдайтын азаматтар табылады деп сенемін. Ұлтымның ертеңгі бақыты үшін мен осындай екі ұсыныс жасаймын. Біріншісі, қазақ тілінің мемлекеттік күнін белгілеуіміз керек. Екіншісі, Астанадан ана тілімізге арнайы мұражай ашуымыз керек. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей корей тілінің жарқын мысалын бекер сөз етпесек керек. Біз тура осы сөзді басшылыққа алсақ, ешқашан ұтылмаймыз. Керісінше ұлтымызға қажетті ұлы істер жасаймыз деген ойдамын. Біз ұлтымыздың ана тілін сүйгенде ғана ол халықаралық тілге айналады. Өз елінде халықтық және билік тілі болмаған тіл ешқашан мәңгілік өмір сүре алмайды.

Осындай тіл күні шарасынан шыққан соң Пусан радиосы тікелей эфирге шақырып, жиырмаға жуық сұрақ қойды. Эфир соңында тілші қазақша бір сөз үйретіңізші деп қолқа салды. Қазақша рахмет деген сөз қалай болады, соны айтыңызшы деді. Мен үйреттім. Қазақша акцентсіз «рахмет» деген кезде біздегі орыстілді шенеуніктердің жиырма жылдық талпынысы мен бір корейдің бір секундтағы ниеті мен қызығушылығын көріп ойланып қалдым. Қазақтың бір ауыз сөзі корей адамының аузымен ешбір қиындықсыз естілді. Ал жиырма жылда орысезулілердің аузынан әлі бір қазақша сөз таза естілмей келеді.

Корейлерде «Тілі өссе, елі өседі, тілі құлдыраса, елі де құлдырайды деген сөз бар. Корейше «мари оллая, нараға орыго, мари нэримен, нарадо нэринда» деп жазылады. Осы бір сөзге қарап, тілі өскен елдер мен өшкен елдердің тарихына көз саласың. Расында тілің өсуің керек. Сонда санаң өседі. Әттең, кешегі ұлтымыздың ерен ұлдары тірі болса, бұл күні ана тілімізге байланысты мемлекеттік мереке жарияланар еді. Бірақ, қайдам, қазір бәрі қалта қамымен жүр. Тілге қатысты бір шара болса болды білінбей, естілмей өтеді. Одан қарағанда ортаңқол әнші мен «квншінің» кеші дүркіреп өтеді. Қазір тендер жариялап кітап дайындатып, ақша табу пайдалы кәсіптің біріне айналды. Алайда ол да тіліміз бен дәстүрімізді сақтамайды. Ол керісінше ұлттық тілдің құрметін кетіреді. Меніңше, тілдің мәртебесін көтеретін сөз емес, нақты идея мен нақты қозғалыс, нәтижелі іс. Бізде сол жетіспейді.

Бізде мемлекет болмаған дейтіндер біздің тілде сөйлеп, біздің тілде елші жібергендерін, біздің тілге тамсанған ойшылдарының болғандығын ұмытып қалыпты. Бұл қауіпті құбылыс. Шығыстың ұландары секілді ана тілімізге құрметпен қарап, оны қорғамасақ, ертең бірінші жартымыз «нихаума», екінші жартымыз «здрасте», үшінші жартымыз «хелоу» деп кетпесімізге кепіл бар ма?! Солай демеу үшін тіл үшін толғану қажет. Олай дейтінім, мемлекеттік тіл - ұлтымыздың басындағы бақыты. Ал ол бақыттан айрылып қалсақ, ірі ұлт болып тұруымыз екіталай.

Дастан Ақаш мемлекеттік және

жергілікті басқару саласының маманы,

шығыстанушы, аудармашы