10.10.2018 в 22:50

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ МҰРАЖАЙЫ АЛДЫМЕН ҰРПАҚҚА КЕРЕК

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, ғасыр адамы Б.Момышұлының кіндік қаны тамған жері – Жуалы ауданының орталығында батыр бабаның мұражайы орналасқан. Мұражай алдымен жастарға, ертеңгі ұрпаққа керек.

Мұражай ішінде көптеген экспонаттардан бөлек Бауыржан Момышұлының жеке жұмыс столы мен төсек-орны қойылған. Бір сәтке сол кездегі батыр Бауыржанның көзімен айналаға қарауға мүмкіндік туатындай.

Негізгі залда Бауыржан атаның жеке заттарымен қатар жалпы соғыс жылдарына қатысты жәдігерлер де қойылған. Олардың ішінде түрлі снарядтар, оқ-дәрілер, қару-жарақтар бар.

Жеке қолданысында болған заттарының ішінде ерекшеленіп тұратын бас киімі, бізге мұра болып қалған көптеген шығармаларын жазған жазу машинкасы, сол заманды еске түсіретін ыдыстар мен сақал қыратын станогы бар.

Баукеңнің киген шинелі мұражайдың ең құнды жәдігерлерінің қатарынан.

Музей қызметкері Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы салынған ақ боз атқа мінген батыр бабаның суретін Елбасы Н.Назарбаев өзі сыйға тартқанын атап өтті. Ол суреттің жанына Момышұлының арнайы шақырумен Куба мемлекетіне барған кездегі фотосуреттері қойылған.

Сондай-ақ, музейде Бауыржан атаның өз қолымен жазған хаттарының бір парасы қойылған. Соның ішінде бауырына жазған мына бір хатындағы қызқа да нұсқа жазбаның өзі ол кісінің бар мінезін ашып тұрғандай.