Бағаларды төмендету жұмыстары республика бойынша әлі айтарлықтай нәтижелі емес. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Естеріңізге салсақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында атқарушы билікке тарифтерді төмендетуді жүктеген болатын. Онда Н. Назарбаев: «Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес. Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр. Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек. Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады» деп қатаң түрде ескертіп, нақты шараларды қолға алуды міндеттеді. Бүгінгі отырыста дәл осы мәселені көтерген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, бірқатар әкімдіктер жұмысты жүйелендіре алмай отырғанын атап айтты. Тек Жамбыл облысында ғана нәтижелі жұмыстар бар екен. Оның айтуынша, жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге төмендету шешімі қабылданды. Министр монополистердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, электр, көмір, жылу, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы, интернет, лифттерге қызмет көрсету, қоқыс шығару саласындағы қызметтеріне тарифтерді төмендету мақсатында атқарылған шараларға тоқталды. «Біріншіден, бүгінгі күні жылу, су және электр энергиясымен қамту саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңге сомасына, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъекті бойынша 1,9 млрд теңгеге төмендету туралы шешімдер қабылданды. Екіншіден, монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында монополистерге жоспардан тыс 33 тексеру басталды. Жоспардан тыс тағы 24 тексеру басталатын болады»,- деді ол. Үшіншіден, оның айтуынша, Энергетика министрлігімен бірге электр энергиясына және газға арналған көтерме бағаларды төмендету жұмысы жүргізілуде. Көтерме бағалар түсірілген кезде министрлік соңғы тұтынушылар үшін бөлшек бағаларды арзандату бойынша жұмысты жүргізетін болады. «19 қарашада министрлікте облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен және сумен қамту, электр энергиясын тарату және жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қызметтеріне, сондай-ақ автобус, троллейбус және трамвай тасымалдары қызметтеріне әкімдіктердің бағаларды төмендету бойынша жұмыс жүргізу қажеттілігі туралы селекторлық кеңес өткізілді»,- деді Тимур Сүлейменов. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Жамбыл облысының әкімдігінен ғана бағаларды төмендету жөнінде жүргізілген жұмыс туралы ақпарат келіп түскен. Оған сәйкес облыста 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін пәтер иелерінің кооперативі қызметтеріне баға - 6,7, қоқыс шығару қызметтеріне - 5, лифт қызметтеріне 7 пайыз арзандайды. «Қалған әкімдіктер жүргізілген жұмыс туралы ақпараттар ұсынған жоқ»,- деді ол.
Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс ұйымдастыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында халықпен тұрғын-үй шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер жөнінде қоғамдық қабылдау өткізілген.