21.11.2014 в 12:51

Идеологиялық ондық

Sayasat.org сайты еліміздің ішкі саясаты, идеологиясымен айналысып жүрген белсенді тұлғалардың үздік ондығын анықтады.  

Бағлан Майлыбаев, Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары.

Б. Майлыбаев - соңғы төрт жылда елімізде идеологиялық жұмыстарды атқарған басты тұлға. Оның заңгер, журналист, саясаттанушы болуы ішкі саясатты тиімді жүргізіп қана қоймай, аппараттық ұстанымды мығым ұстауына септігін тигізіп келеді. Медиа саладағы мол тәжірибесі ақпараттық саясатқа ықпалын арттырып келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бастамасы Бағлан Асаубайұлына тиесілі деседі.

Дәурен Абаев, Президент кеңесшісі - баспасөз-хатшысы.

Ол Мемлекет басшысының мәтіндеріне ғана жауапты емес, сонымен қатар идеологиялық жұмыстарға да атсалысады. Президент Назарбаевтың Ұлытаудағы сұқбаты арқылы әлеуметтік желілерде жақсы көзқарас қалыптастырды. Ұйымдастырушылық қасиеті жоғары.

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі - төраға орынбасары.

Ұлтаралық келісім - қазақстандық биліктің басты идеологиясы болғандықтан, мемлекеттік аппараттың жұмысында оның атқарып отырған жұмысы негізгі бағыт. Ал соңғы 6 жыл бойы бұл саланы Ералы Тоғжанов басқарып келеді. Осы уақыт ішінде қыруар жұмыс істелді. Ұлттық бірлік доктринасын мысалға алуға болады. Ералы Лұқпанұлына үлкен жұмыстар тапсырылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды.

Нұрлан Ерімбетов, "Қазақстанның азаматтық Альянсы" президенті.  

Азаматтық секторда шапшаң қимылдау оңай жұмыс болмаса да, Нұрлан Кенжебекұлының үлгерімі жақсы. Қоғамдық пікір қалыптастырудағы, медиа саладағы белсенділігін ешкім жоққа шығара алмайды. Өткір тілді Н. Ерімбетов билік өкілдерімен, оппозициямен және ресейлік сарапшылармен жақсы қарым-қатынаста.

Мұрат Әбенов, "Өрлеу" Ұлттық орталығы директорлар кеңесінің төрағасы.

Мемлекеттік аппараттан кетсе де идеологиялық жұмыстарды белсенді атқарып жүрген аз азаматтардың бірі. Жүйеге өзінің идеологиялық берілгендігін көрсетіп жүр. Әлеуметтік және дәстүрлі медиада ықпалды тұлғалардың бірі.

Саясат Нұрбек, "Нұр Отан" партиясы қоғамдық саясат институтының директоры:

Партияның негізгі спикерлерінің бірі. Басқалардан ерекшелігі партия мен биліктің жұмысын халыққа жеткізе біледі. Қазақ және орыстілді аудиториямен де қоян-қолтық араласып жүреді. Өзінің маңына команда жинай алды.

Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары.

Басқа әріптестерімен салыстырғанда ол көпшілік алдына шыға бермейді, томаға тұйық. Алайда оның идеологияда атқарып жатқан жұмысына кедергі емес. А. Ғалымқызы Астана, Алматы сияқты республикалық маңызы бар қалалардың ішкі саясатымен айналысқан тәжірибелілігі бар. И. Тасмағамбетовтың командасындағы негізгі рөлді атқарушы. Өз саласы бойынша ұйымдастырушылығы жоғары бағаланады.

Шыңғыс Мұқан, Атырау облысы әкімінің орынбасары.

Билікке бастар жолды "Жас Алаш" газетінен бастады. Ол жердегі жұмысы қазақтілді аудиторияға жақындатты. "Қазақ тілін білу мен сөйлеу маңыздылығының 10 себебі" кітабы сенім ұлғайтты. 30 жаста болса да Президент Әкімшілігінде, Үкіметте істеген тәжірибесі бар. Қазір ол өңірден тәжірибе жинап жүр.

Бақтияр Мәкен, БҚО әкімінің орынбасары.

Жас болса да идеологиялық жұмыста қалыптасқан шенеунік. Мәслихатқа сайлауға түсті, "Жас Отанда" жүрді. Алдымен Алматының жастар саясатына жауапты болды, кейіннен мегаполистің ішкі саясатымен айналысты.

Берік Уәли, ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы.

Оның бұрынғы жұмысы журналистика билікке де, оппозицияға да танымалдығы мен іскер байланысын (идеология саласына аса қажет) арттырды. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының идеологиялық менеджментін қолға алған. Іскер басшылардың қатарынан. Әлеуметтік медиамен жұмыс істеуді меңгерген.