Жамбыл облысында «7-20-25» бағдарламасы жақсы қарқынмен жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың шілдесінен бастап іске қосылған бағдарламадан үміттілер аз емес. Баспана алуға кезекке тұрған 17 мыңға жуық Жамбылдық тұрғындар енді Елбасы ұсынған жаңа мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысып бағуда...
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың 5-ші наурызында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Халыққа үндеуі жарияланғаны белгілі. Ондағы ең бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» болатын. Елбасы Жолдауының негізінде Қазақстанның Ұлттық банкі Үкімет отырысында «7-20-25» бағдарламасының жобасын таныстырды. Сонымен Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев командасы 7 проценттік ипотеканың есебін де жасап шыққан-ды.
Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында 7 проценттік ипотекамен алынатын үйдің бағасы 25 млн теңгеден аспауы шарт. Ондайда несиенің шекті соммасы 20 млн теңге (қалғаны алғашқы жарна - авт.) болады. Басқа аймақтар үшін үйдің бағасы 16 млн-нан, ал арзан ипотеканың сомасы 13 млн теңгеден аспайды. Ұлттық банктің есебіне сәйкес, 7 млн теңгелік ипотеканың бір айлық төлемақысы 50 мың теңгеден артық болмаса, 10 млн теңге үшін ай сайын 70 мың теңге төлеп отыруға тура келеді. 13 млн - 90 мың, 15 млн - 105 мың, ал 18 млн үшін ай сайын 125 мың теңгеге шығындалу қажет. Әлбетте, банктердің қазіргі ипотекаларымен салыстырғанда жаңа бағдарламаның шарттары әлдеқайда тиімді. Бұны қарапайым халық та айтады.
Ендігі мәселе - арзан ипотеканың барлығына бірдей қолжетімді болуы. Ресми статистикаға сәйкес, 2018 жылы ақпан айында бір жұмысшының орташа жалақысы 151,5 мың теңгені құрады. Халықтың номиналды кірісі артса да, нақты табысы, яғни тапқан ақшаға тауар мен қызметтерді сатып алу көрсеткіші төмендеді. Демек, бір үйден бір адам орташа жалақы алатын болса, 7 млн теңгенің ипотекасын алуға мүмкіндігі жетеді. Бірақ қалған ақшаға отбасын асырай ала ма, жоқ па, оны айту қиын. Әрине, бүгінде аудандық жерлерде 50-70 мың теңге жалақы алып жүрген адамдар да бар. Ондайда бір үйде екі адам жұмыс істемесе, жаңа бағдарламамен баспана алу қиындау болады. Өкінішке қарай, «7-20-25» бағдарламасында әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар және тағы басқа санаттар болмайды. Әр адамның жеке төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылды. Ол Ұлттық банктің еншілес "Баспана" деп аталатын компаниясы. "Баспана" операторы "7-20-25" бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған.
Олар: Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, RBK, Халық банк, Цесна банк, Форте банк және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Енді аталған банктердің бөлімшелеріне барып, жаңа ипотекалық бағдарламаға құжат тапсыра берсеңіз болады. Ең басты жаңалық — бастапқыда бағдарлама арқылы тек жаңа үйлердегі пәтерлер ғана сатылады. Екінші деңгейлі пәтерлерді сатып алу бағыты кейін жүзеге асырылмақшы.
Бұл жерде, әрине, үйлерін әлі ала алмай жүрген үлескерлер еске түседі (айтпақшы,бұл бағдарлама бойынша үлескерлік арқылы да үй алуға болмайды). Бірақ, Ұлттық банк пен Үкімет құрылысы толық аяқталмаған және құжаты дайын емес үйлердегі пәтерлерге ипотека берілмейді.
Үй құжатынан басқа, азаматтың кірісі туралы анықтама, басында басқа ипотека бойынша қарызы жоқ деген мәлімет және жазғанымыздай, баспанасы жоқ екендігін растайтын анықтама әкелу керек.
Жаңа ипотекалық бағдарламаға Қазақстанның кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Бірақ, атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Және де несие тарихы барынша "таза" болу керек. Ал, балалары немесе әйелінің атындағы баспана ипотека алуға кедергі келтірмейді.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров келтірген мәліметтерге сәйкес, бүгінде Тараз қаласы бойынша 16,5 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Қазір тұрғындарға 7-20-25 бағдарламасының тиімді тұстары түсіндіріліп жатқан көрінеді. Айталық, 2 мыңнан астам бюджеттік қызметкерлермен осы бағдарламамен үй алуға қатысты ақыл-кеңестер берілген. Соның 295-і ипотека алуға шешім қабылдап үлгеріпті. Әсіресе «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып басталған 15-ші ықшам аудандағы үйлерге сұраныс артқан, ондағы дайын 800- пәтердің шаршы метрінің құны- 140 мың теңгені құрайды. Ең бастысы арзан үй 7-20-25 бағдарламасымен беріледі. Және де сапасы төмен емес құрылыс материалдары қолданылады, жоба талаптарына жауап береді дейді Сайлауғалы Байназаров.
Сонымен, Жамбыл облысы бойынша 7-20-25 бағдарламасына сай ипотека беретін банк саны әзірге 6-ау. Олар: Центркредит, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, АТФ, Форте банк, Халық банкі, Форте банк филиалдары.
Соның ішінде көш бастап тұрған, Центркредит банкі қазірдің өзінде 31 азаматқа несие шартын рәсімдеген. Бұл жайында «Банк Центркредит» АҚ Тараз қаласы филиалының директоры Бекдауыл Иптилдаев мәлім етті. Оның айтуынша, Жамбыл өңірінен «Банк Центркредит» филиалына 7-20-25 бағдарламасы бойынша 5 ай ішінде 70-аса тұрғын банкке келіп, қызығушылық танытқан. Соның арасынан үй алуға үмітті бола алады деген 37 клиент ғана іріктеліп, нәтижесінде банктің несие комитетінің шешіміне сәйкес, 31 клиент ипотекаға қол жеткізген. Ол – жалпы сомасы 265 млн теңгені құраған. Қазір ипотекалық келісім-шарт жасалған тұрғындар өз баспаналарында тұрып жатқаны қуанышты дейді банк басшысы.
Тараз қаласы бойынша статистикаға қарасақ, 7-20-25-ке қызығушылық танытушылар негізінен білім беру мен медицина саласының қызметкерлері екен.
Осы жерде жалпы 7-20-25 бағдарламасымен үй алу үшін орташа жалақы көлемі Жамбыл өңірінде қандай көлемді құрауы тиіс? деген заңды сұрақ туындайды. Бекдауыл Тұрдағұлұлы, бұған:
«Ол негізінен клиенттің сатып алуға таңдаған үйінің құнына байланысты. 7-20-25 бағдарламасы белгілеген міндеттеме бойынша, өңірлердегі пәтердің бағасы 15 млн теңгеден аспауы тиіс, ал, Астана мен Алматы қалаларында ол 25 млн теңгеге дейін. Тараз бойынша алғашқы жарнаманың пайызы 20 пайыз болуы керек. Мысалы, Тараздан қазір 7 млн теңгеге 2 бөлмелі үй сатып алуға болады. Алғашқы жарнасы, яғни 20 пайызы 1 млн 400 қолында болса, 5 млн 600 теңгені 25 жылға берсек, таза 7 пайызбен, еш комиссиясыз айына 39, 500 теңге төлейді, ол үшін жалақысы 80 мыңнан асуы тиіс. Қазір Таразда «Бином» компаниясы халыққа арзан үй беруде. Орташа баға 7-7,5 млн теңге. 15 мөлтекауданында Үкімет соғып жатқан арзан үйлер де бар» -деп жауап қайтарды. Банкир сонымен қатар, пәтер сатып алушы тәуелсіз бағалаушылардың бағасымен бағалап әкелген соң, банк бағалаушы компаниядан қымбат, қосымша бағаламайды. Керісінше, арзан бағаға ипотека беріледі деп сендіріп отыр. Сондай-ақ, бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – пәтер сатып алғысы келген азаматтың бұрынғы сияқты 5 жылға дейін атында үй болмауы керек деген талап қойылмайды, мерзімінен бұрын төлеуге де ешқандай айыппұлсыз кедергі жоқ және үшінші тұлға кепіл ретінде қарыз ақша беруіне құқы бар. Қысқасы, дұрыс ойластырып, барынша әрекеттенген көпшілік қазақстандық баспаналы болуына мүмкіндік жеткілікті.
Алдағы уақытта Үкіметте 7-20-25 бағдарламасын одан ары жеңілдетіп, 20 пайыз алғашқы жарнаның 10 пайызына ғана үстеме ақша төлеп, 10 пайызды тек үстемесіз қарызбен қайтаратындай жағдай жасау жағы қарастырылмақшы.
CАЙГЕЗ-АҚПАРАТ