26.11.2014 в 11:40

Сот залынан босап шыққан Ерлан Арын туралы

Бүгін Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынға қатысты іс бойынша сот процесі аяқталды.

"Сот Ерлан Арынды алаяқтық жолмен 1,6 миллион теңгені жымқыруға, пара алуға және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға айыпты деп танылды", - деді үкімді оқыған судья Қабиболла Байғоншеков. Ерлан Арынды үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Сонымен бірге, соттың өкімімен ол "Құрмет", "Парасат" ордендерінен айырылады. Павлодар облысының экс-әкімі сот залында қамаудан босатылды.

"Мен үкімге ризамын. Жақсылық күттік, осының өзі де оң нәтиже болды", - деді үкім шығарылғаннан кейін Ерлан Арынның адвокаты Айжан Сабирина.

Еске сала кетейік, сотталушыға қатысты айыптаулар негізгі куәгер, өткен жылдың күзінде ақша бопсалап, ірі көлемде пара алғаны әшкереленген облыс әкімінің бұрынғы көмекшісі Бағұстар Сапаровтың жауаптары негізінде тағылған еді. Сотта өзіне келген күдіктен құтылу үшін Сапаровтың өз кінәсін мойындап келу қағазын жазып, онда аталған іс-әрекетті өз басшысының мүддесі үшін жасағанын баяндағаны анықталды.

Алғашқыда тергеу Ерлан Арынға 10 эпизод бойынша айып тақты. Бірақ тергеу барысында екі айып қана қалды. Қорғаушы тараптың істі тергеуге қайта жіберу туралы өтінішін сот қабылдамай тастады.

Сөйтіп, сотта кәсіпкер Илья Теренченкодан 1,6 миллион теңге алды деп айып қаралды. Бұл қаражат экс-әкімнің әйелі Ризат Арынға тиесілі Павлодардағы көпбейінді колледжге "Нива" автокөлігін сатып алуға жұмсалған-мыс. Тергеудің мәліметінше, осы оқу орнына екі "ГАЗель" көлігін сатып алу үшін тендердегі жеңіске жәрдемдесеміз және жалпы қорған боламыз деп, кәсіпкер Умлат Матиевтен 5,6 миллион теңге көлемінде пара алынған.

Сотта екі кәсіпкер де ақшаны Сапаровтың өзі ғана сұрағанын, ақшаны соған бергенін айтты. Бұған қоса, соттың бірінші күні Илья Теренченко материалдық талап қоюдан бас тартып, сотталушыға ешқандай кінә артпайтынын мәлімдеді. "Менің Ерлан Мұхтарұлымен ешқандай қарым-қатынасым болмады және оған ешқандай кінә қоймаймын", - деді Теренченко.

Ол өзін жәбірленуші деп санамайтынын да айтты. "Сәуір айының басында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Арслан Әбдіқалықов менен ардагер үшін "Нива" автокөлігін сатып алуға демеушілік көмек көрсетуді сұрады. Игі ниетпен мен оған көмек көрсеттім. Мен өзімді жәбірленуші деп есептемеймін, бұл қайырымдылық болды, бұл қаражат маған шығын келтірген жоқ. Мен қаржы полициясына шағымданбадым. Онда мені шақырған болатын, сонда ғана бәрін білдім", - деді Теренченко. Өз кезегінде кәсіпкер Умлат Матиев те параны Сапаровқа ғана бергенін растады.

Айта кетейік, Павлодар жұртшылығы экс-әкім өзінің қолы лас көмекшісінің теріс ниетінің құрбаны болды деген пікірде. Ерлан Арынның өзі де солай ойлайды. Оның айтуынша, өзіне қатысты іс қолдан жасалған, мұны пара бопсалау мен алу және кәсіпкердің қаржысын жымқыру дерегі бойынша дәлелдердің жоқтығы дәлел.

Ерлан Арынның адвокаттары да тергеу барысында және сотта оған тағылған айыптардың расталмағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, тергеу о баста айыптау ниетімен жүргізілді, басты куәгер Бағұстар Сапаров осы жылдың шілдесіне дейін айыптаушылар қатарында болды. Қорғаушы тарап ол Ерлан Арынға қасақана күйе жақты деп есептейді.

Еске сала кетейік, Ерлан Арын осы жылдың наурызында ұсталған болатын. Ол 2013 жылдың 20 желтоқсанында қаржы полициясы оның кеңесшісі Төлеген Бастеновты пара алды деген күдікпен ұстағаннан кейін Павлодар облысы әкімі қызметінен кетті.

Шартты жазаның өзі артық деп жатқандар бар. Ерлан Арынның шынайы бейнесі жөнінде шолу ұсынбақпыз.

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің

Іргелі ғалымдардың көшбасында жүретін Ерлан Мұхтарұлының ғылыми зерттеулерінің аясы өте кең: экономика, саясат, тарих, мемлекеттік құрылыс тео­риясы. Оның әлеуметтік нарықтық шаруа­шылық, аймақтық және компаративистік экономика теориясы, ауыспалы кезең және шетел инвестицияларын тарту тәжірибесі, экспорттық бағдарланған салаларды дамыту, мемлекеттік экономика, әлеуметтік және этносаяси үдерістер мен саяси институттар қалыптасуының институционалды негіздерінің эволюциясы, мәдениет пен білім беру тарихы және қазақ халқының ұлы ағартушыларының өмірі мен әрекетте­ріне қатысты еңбектері ғылыми тұрғыда мо­йын­далды. Ерлан Арын – Қазақстан, Ресей, Қытай, Чехия, Түркия, Моңғолия, Поль­ша, Австрия, Швейцария, Жапония мен Францияда жарық көрген 500-ден ас­там ғылыми және ғылыми-көпшілік ең­бектердің, оның ішінде монографиялар, жоғары оқу орындары мен орта мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құрал­дарының, сөздіктер мен энциклопедия­лардың авторы. Ол кісінің еліміздің қазіргі ғалымдары мен мамандарының жоғары білікті корпусын қалыптастыру ісіне қос­қан үлесі зор. Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі Ерлан Мұхтарұлы «Саясат», «Еуразиялық қауымдастық», «Транзиттік экономика», «Өлкетану-Краеведение» ат­ты танымал журналдардың негізін қалаушы және бірінші бас редакторы, сонымен қатар басқа да республикалық және университеттік газеттер мен ғылыми журнал­дардың редакциялық алқасының жұмы­сына белсене қатысады.

 

Ол 10-нан аса ұлттық, салалық және халықаралық акаде­мия­лар­дың толық мүшесі, бірқатар мемлекеттік және шетелдік университеттердің құрмет­ті профессоры болып тағайын­далған. Е.Арын­ның экономикалық саясаттану са­ласында қазақстандық ғалымдар­дың ішінде білікті тұлға ретінде қа­лыптасуы, ең алдымен, Қазақстан Даму институтымен тығыз байланысты. Орталық Азияда ең алғашқы тәуелсіз ғылыми-ана­литикалық мекеменің негізі 1994 жылдың тамыз айында қаланды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бұл институттың басшысы ретінде жас ғалым Ерлан Мұхтарұлын та­ғайындайды. Өйткені бұл уақытта жас ғалым өзін бастамашыл ұйымдастырушы ретінде танытқан болатын. Экономикалық реформалау, ішкі және сыртқы саясат, ҚР қауіпсіздігі, Орталық Азияның болжамдық-аналитикалық мәселелерін бағалау осы жылдары жас жұмыс тобының зерттеу сұрақтарының бірі болатын. Институттың бірінші басшысының бастамашылдығы мен көзқарастарының тереңдігі алғашқы күннен бастап-ақ ғылыми-аналитикалық мекеме жұмысының көп­векторлық сипатын айқындады. Даму институты ғылыми-ана­литикалық зерттеулер, консалтинг, им­идж-жобаларды дайындау мен іске асыру, оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындау мен жарыққа шығару сияқты іргелі жұ­мыс­тарды ғана жүр­гізіп қоймай, сонымен бірге басқа да жұмыс­тарды қызу іске асыра бастады. Орталық билік органдарымен ын­ты­мақтастық аясында іске асырылатын жобалардан басқа, ҚДИ аймақ­тық дең­гейдегі анали­ти­калық жобаларды жү­зе­ге асырды. Олардың қа­тарына Алматы, Ақ­мола, Ақтөбе, Атырау және басқа да қала­лардың даму бағдар­ламаларын жатқызу­ға болады. Қандай қызмет атқармасын, Е.Арын басты назарын әрдайым ғылым мен білім беру интеграциясы мәселе­леріне ар­найды. Қоғам­дық құрылымның жа­һан­дық мәселелері бо­йынша негізгі теория­лық дайындық, мәдени мүдделердің кең ауқым­дылығы, отбасында негізі қаланған педагогикалық дәстүрлерге адалдық, бұл қасиеттердің барлығы оның мемлекеттік деңгейдегі әрекеттерінің тиімділігіне, нә­ти­желі болуына ықпал етті, яғни 1997 жыл­дан бастап ол Қазақстан Республикасы білім, мәдениет және денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқару жұ­мыс­тарынан бастау алады.

 

1998 жылы Қазақ­стан Республикасы Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министр­лігінің бірінші вице-министрі болып тағайын­далады. Атал­мыш министрлік қайта құ­рыл­ғаннан кейін, 1999 және 2001 жылдар аралы­ғында Ерлан Мұхтарұлы Қа­зақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі болып қызмет атқарады. 2001 жылдың ақ­панынан бастап экономика ғылымының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұлы – С.Торайғы­ров атындағы Павлодар мемлекеттік уни­верситетінің ректоры қызметін атқарды. Ертіс өңі­рінің алғашқы жоғары оқу ор­нының өсуі мен қарқынды дамуы оның есімімен тығыз байланысты. Оның бас­шылық ету жылдары студенттер контингенті төрт есе өскен. Оның аса белсенді қоғамдық жұмысының арқасында көрнек­ті тұлғалар Қ.Сәтбаев, А.Бектұров, Ш.Шө­кин, Ә.Марғұлан, Бұқар жырау, Ж.Аймауытов, Е.Бекмаханов, С.То­райғыров, М.Ж.Көпеев пен М.Шорманов­қа арналған ескерткіштер, М.Ж.Көпеев­ке, сол сияқты би, аға сұлтан Қазанғап Саты­балдыұлына, Естай Беркімбаев шығар­малары арқылы танымал болған Қор­лығайынға, киелі Исабек Ишан хазіретке арналған мұражай кешендері, эстрада аңызына айналған «Дос-Мұқасан» скульптуралық композициясы орнатылды.

 

Шәкіртсіз ұстаз – тұл

Қазақстан Даму институтында анали­тикалық іс-әрекеттерімен қоса, бір мезгілде экономика және саясаттану бойынша ғылыми кадрларды аспирантура мен док­торантурада оқыту арқылы дайындау көзделген болатын. ҚДИ-да жұмыс атқа­руы кезеңінде экономика, саясаттану, тарих және әлеуметтану саласы бойынша 50-ден астам ғылыми қызметкер мен ізденуші кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Ерлан Мұхтар­ұлының ғылыми жетекшілігімен экономика мен саясаттанудан жеті докторлық және 29 кандидаттық, 26 магистрлік диссертация табысты қорғалды. 1998 жылы оның төрт шәкірті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды.