29.11.2014 в 11:04

Тілге құрмет – елге құрмет

 

Тамылжыған тамыздың соңын ала Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жезқазған өңірінде болғаны баршамызға жақсы мәлім. Осы сапарында Президент Ұлытау төрінде арнайы сұхбат берді. Ол әңгіме барысында арысы грек тарихшысы Геродоттың, орта ғасырлық саяхатшы Плано Карпинидің, берісі орыс пен қытай жазбаларында аталатын Ұлытауды, Асанқайғы, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана, Бату хан, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір, Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кетбұға, Барақ, Төле, Қазыбек және Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары сияқты ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар өмірлері тікелей Ұлытаумен сабақтас екенін өскелең ұрпақ санасына сіңіру керектігін ерекше атап өтті.

Өз басым Президенттің терең де мағыналы әңгімесінен соң халықтың көңіл күйінің ерекше көтеріңкі екендігін Ұлытау ауданында екі мәрте болып, жұртшылықпен кездесулер өткізген тұста мейлінше аңғардым. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары Жезқазғанның айналасындағы мыс кені көзінің азая бастағаны нәтижесінде бұл аймақтың даму болашағына деген алаңдаушылық орын алғанын білетінбіз. Әсіресе, кезінде жерінің қойнауынан марганец кені қазылып Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуімізге мол үлес қосқан, кейінде осы кенімен қоса төскейінде малы маңырап халық игілігін байытқан, сөйтіп тасы өрге домалап тұрған, өз туып-өскен жерім Жезді қалашығының бүгінде мүшкіл күйге түскені жаныма қатты батып жүретін. Осындай бір алаң - күлең тұста Елбасы Ұлытау – Жезқазған өңіріне арнайы келіп, тек аймақ үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды «Жезқазған – Бейнеу» теміржол магистралінің тұсауын кесті, сөйтіп осынау өлкенің екінші тынысын ашты. Түптеп келгенде бұл жайт, Елбасының сөзімен айтар болсам, Жезқазған өңірінен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың мыс кенін табуымен және Жезқазған қаласының орнығуымен сабақтас нәрсеге пара-пар болып отыр. Өйткені, теміржолдың бойынан жұмыс табылады. Жұмыс болғаннан кейін кенттер бой көтереді. Халық қоңданады, даламызды ел жайлайды. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің соңғы отырысында, пайдалануға беріле бастаған «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы бойында қазірдің өзінде жаңадан мекен-жайлар пайда болып, ол жерлерде адамдар үшін жүздеген жұмыс орындары ашыла бастағанын жеткізді.

Мемлекет басшысының Ұлытауда тіл мәселесіне қатысты айтқандары да көңілде жүрген кейбір күдіктерді сейілтті десем әсте қателесе қоймаспын. Кезекті рет Елбасы қазақ тілінің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдайлардың жасалынып жатқаны жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Ата заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылғанына, ешкімнің қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасамайтынына, Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керектігіне ерекше назар аударды. Өкпе айта бермей, тілдің майын тамызып сөйлеп, өзге жұртқа үлгі көрсету қажет дей келе, Президент: «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады, «тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады» деп, ортаға келелі ой тастады.

Әділдікке жүгінсек, соңғы жиырма жыл аралығында қазақ тілін дамыту тұрғысында жақсы бағыттағы өзгерістердің бар екендігін мойындау керек. Мұны мен Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басшыларының бірі ретінде 1993 – 1997 жылдары қазақ тілінің мәселесімен тікелей шұғылданған жан ретінде толық айта аламын. Әлі есімде. Қоғам тарапынан республикалық деңгейде ана тіліміздің жай-күйіне арналған конференция ұйымдастырылып, бір күн бойы бұрындары тек орыс тілінде іс-шаралар өтетін облыстық саяси-ағарту үйінде бірыңғай қазақша сөйлегенімізге мәз болған едік. Сонда ғой менің есіме Дағыстанның халық жазушысы Расул Ғамзатовтың мына әңгімесі оралғаны: «Әкей 1939 жылы орден алу үшін Мәскеуге барады. Ол заманда бұл ерекше оқиға саналатын. Омырауына орден тағып оралған әкейден ауылдастары Мәскеу қаласы, Кремль, орден тапсырған Михаил Иванович Калинин туралы сұрап, ерекше есте қаларлық оқиға айтып беруін өтініпті. Сонда әкейдің айтқаны: - Ең тамаша оқиға Михаил Калинин менің атымды орысша емес, аварша айтты. Мені Гамзат Цадаса демей, Цадаса Хамсат деп атады. Сендер бұл оқиғаны менен естіп ұнатып отырсыңдар, ал мен Кремль төрінде Калининнің өз аузынан естіген әсерімді жеткізе алмаймын. Мен орден алғаныма емес, Кремльде авар сөзін естігеніме қуандым».

Шүкіршілік, бүгін ресми саясат қазақ тіліне оң қабақ танытуда. Қазір мемлекет мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық қажет нәрсені жасауда, қазақ тілін қолдау мақсатында жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінуде. Бүгінгі таңда республикамызда жүзден астам аймақтық, қалалық, аудандық қазақ тілін оқып-үйрену орталықтары жұмыс істейді. Жиырмадан астам компьютерлік бағдарламалар әзірленіп, барлық атқарушы органдар олармен толықтай қамтамасыз етілді. Қазақ тілінің ақпараттық кеңістігін кеңейту мақсатында Интернетте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» web-порталы жасалды, онда балаларға арналған мультимедиалық кешендер, сөздіктер, оқулықтар орналастырылуда.

Тәуелсіздік жылдарында республикада мыңнан астам қазақ мектептері ашылып, жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда барлық мектептің 80 пайыздайы таза қазақ тілінде білім береді. Ал оларда 1,5 миллионнан астам бала оқиды. Жылма жыл бұл көрсеткіштің арта түскені байқалып отыр. Сонымен қатар, басқа ұлт өкілдері балаларының қазақ тілін меңгеруге деген ынтасының артып келе жатқаны байқалады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, олардың саны бүгінде жиырма мыңнан асқан.

Кезінде қазақ зиялыларының Алматыда, ең болмағанда, бір қазақ мектебін ашу үшін қанша тер төккенін жақсы білеміз. Бүгінде мұнда 68 қазақ мектебі жұмыс істейді. Астанада да осындай жағдай қалыптасқаны мәлім. Астанаға көшіп келгенімде балаларымды қазақ мектебіне орналастыру үшін әуре-сарсаңға түскенім бар. Ақыры оларды аралас мектепке беруге мәжбүр болдым. Енді міне, салыстырмалы түрде қысқа мерзімнің ішінде жағдай түбірінен өзгерді. Астанада бүгін қазақ тілінде оқытатын 30-дан астам мектеп жұмыс істейді. Ерекшелігі сол, жыл сайын елордада, барлық дерлік облыс орталықтарында заманауи жабдықталған екі-үш қазақ мектебін ашу жақсы дәстүрге айналып келеді. Көптеген мектептер, соның ішінде қазақ мектептері де, кең жолақты Интернетке қосылған әрі бұл оқыту орындарында оқу үдерісін автоматтандыруға және әлемдік деңгейдегі сандық жүйеге қосуға қажетті жағдайлар туғызылған. Соның нәтижесінде қазақстандық оқушылар халықаралық түрлі пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінуде.

Бір атап өтерлігі, олимпиадалар жеңімпаздарының ішінде, сондай-ақ «Алтын белгі» иегерлерінің арасында қазақ мектептерінің оқушылары басым. Бұл қазақ мектептері оқушыларының білім дәрежесі орыс мектептерінен кем соқпайтынының нақты дәлелі. Қайбір кездері, қазақ мектебіне балаларын берген кейбір ата-аналар балаларын орыс мектептеріне қайтарып алып жатыр деген сыбыстардың болғанын білеміз. Иә, мұндай жайттардың бірен-саран орын алғаны рас, бірақ ол жағдайлар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тән құбылыс болатын. Ал қазір тарих дөңгелегі қазақ тілін биік белеске көтерді, бұл үдерісті енді ешкім де тоқтата алмайды.

Дегенмен, белгілі журналист Бауыржан Омаров айтатындай, «төбесінде үкісі бар тіліміздің ептеген мүкісі де жоқ емес». Әлі де қазақ тілі күнделікті өмірімізге толығымен сіңіп кете алмай отыр. Тілдің бостандығы, заңдылық, әділетті қоғам құру мүмкіндігі қолымызға тисе де, бойымызға сіңген құлдық, қорқақтық психологиядан көбіміз айыққан жоқпыз. Нәтижесінде тілге деген оң көзқарас, сый-құрмет жетіспейді. Қайсы бір қазақтың өз тілін өз тілім, ана сүтімен бойыма дарыған ұлы тілім деп мойындамайтындары қынжылтады. Содан болар, ресми басқосулардың көпшілігі бір-екі ауыз қазақша сөзбен басталып, әрі қарай өзге тілде өтіп жатады. Мұндай жағдай халыққа қызмет көрсету орындарында да жиі болып тұрады. Сондай-ақ, қазақ қыздары мен әйелдерінің көпшілігінің қазақша сөйлеуге ұмтылмайтындары ойлантпай қоймайды. Мемлекет басшысының ақпарат құралдарының бірінің сауалына берген жауабында: «Баланың тілі қазақша шықпаса, ата-анасы туған кезде оның тілін қазақ тілінде бастатпаса, оны үйрену оңайға соқпайды. Қазақтың домбырасының үнін түсіну, қазақтың мінезін ұғынып, жан дүниесін зерделей алу үшін де ең алдымен қазақ болып өсу, қазақ тілін бала жастан меңгеру қажет» деген еді. Яғни, отбасында қазақша, ана тілінде сөйлеу – бала үшін өте маңызды. Ана тілінде тәрбиеленген жас қана есейгенде өзін өз ұлтының шын өкілі ретінде сезіне алады.

Соңғы кездері сөз мәдениетінің, сөйлеу мәдениетінің күрт төмендеп бара жатқанын да мойындауымыз керек. Мұндай жағдай, өкінішке орай, ана тілімізге деген оңтайлы қоғамдық көзқарас пен ахуалды қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралдарында орын алып отыр. Бұл жөнінде 2014 жылғы 26 қарашада Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры өткізген«БАҚ және мемлекеттік тіл» тақырыбындағы конференцияда жан-жақты сөз болды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, танымал тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы президенті Сауытбек Әбдірахманов, ғалымдар Намазалы Омашев, Қайрат Сақ, Тұрсын Жұртбай, Видади Салахов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидахмет Әшімханұлы,білікті журналистер Есенгүл Кәпқызы, Дәурен Қуат, Рахат Жақсыбай, сондай-ақ еліміздегі электрондық сайттардың басшылары мен әлеуметтік желілердегі блогерлер қатысқан мәртебелі жиында біршама сын-пікірлер айтылып, бірқатар кемшіліктердің беті ашылды, келелі ойлар ортаға салынды.

Конференцияда «Тілдер туралы» ҚР заңында белгіленген талаптарға қарамастан республикалық коммерциялық телеарналар мен радиолардың мемлекеттік тілге қатысты тілдік норманы сақтамайтынына, солай бола тұра заңның сақталуын қадағалаушы орындар жағынан нақты жұмыстар жоқтың қасы екендігіне назар аударылды. Осы ретте Қазақ радиосының мемлекеттік тілді өзінің күнделікті жұмысында толық қолданып жүрген және барынша насихаттап жүрген бірден бір ақпарат көзі екендігі айтыла келе, алайда оны республика жұртшылығының бәрінің бірдей тыңдай алмай отырғандығына алаңдаушылық білдірілді. Тіпті Парламенттің де мұндай мүмкіндіктен шет қалып отырғаны, шет елдік көліктерде де осындай жағдай орын алғандығы, республика аудандарының бірқатар елді мекендері де әлі күнге дейін Қазақ радиосын ести алмай келе жатқаны және аталмыш мәселенің тез арада тиісті орындар тарапынан оң шешімін табу керектігі ескертілді. Сонымен қатар, ақпарат кеңістігінде географиялық атауларды, қосарланған сөздерді жазуда, сөз жіктеуде, тыныс белгілерін қолдануда кездесетін грамматикалық қателіктер; анық сөйлемеу, асығып сөйлеу тәрізді орфоэпикалық қателіктер; кеңсе тілінің жиі қолданылуы; бейәдеби сөздерді жөнді-жөнсіз қолдану не оларды ретсіз тәржімелеу; сөз мағынасын дәл бере алмау, сөз астарын аңғара бермеу сияқты ортақ кемшіліктер орын алып келе жатқаны айтылды.

Конференцияда осыларды және өзге де айтылған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау әрі олардың алдын – алу мақсатында нақты ұсыныстар да енгізілді. Мәселен, БАҚ-та тілдік ахуалды жақсарту үшін тиісті құзырлы министрлік тарапынан электронды диалектика және дикция мәселелеріне қатысты орфоэпикалық сынақ жасау; тілді білудің беделін көтеру мақсатында қазақ тілді журналистердің арасында байқаулар өткізу; БАҚ тілінің әдеби тіл қалыбына сай келуін сараптау; көрермендер мен тыңдармандардың, сондай-ақ оқырмандардың қатысуларымен тілге орашолақтыққа байланысты арнайы мониторинг жүргізу; бұқаралық ақпарат құралдарында бейәдеби, бейәдеп сөздердің қолданылуына жол бермеу тәрізді шараларды жүйелі негізде ұйымдастырып отырғаны жөн деп танылды. Осы орайда құзырлы орындар БАҚ-та қазақ тілінің қолданылуын зерделейтін тәуелсіз сараптау комиссиясын құру және де жоғары талғамды қалам иелерін тәрбиелеу мақсатында журналистика факультеттерінде бұқаралық ақпарат тілдеріне мамандандыру, оқу-ғылыми орталықтарын ашу сияқты мәселе төңірегінде ізденістер қажеттігі айтылды. Мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету үшін «Жарнама туралы» ҚР заңына «Өндірістік Ұлттық компаниялар, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген заңды тұлғалар, бизнес саласының өкілдері жарнамаларын қазақтілді басылымдарда орналастыруға міндетті» деген өзгеріс енгізу керек делінсе, елімізге сырттан келетін ақпарат құралдарын реттеп отыру мақсатында ақпараттық қауіпсіздікке қатысты Заң қажет деген пікірлер білдірілді.

Бір сөзбен айтқанда, өз тілімізді өзіміз құрметтемесек біздің жеке басымызды ешкім де құрметтемейді. Қасиетті Алла бізді жаратқанда қазақ деген ұлт пен қасиетті тілін бірге жаратқан. Сондықтан өскелең ұрпаққа тіліміздің қаншалықты қымбат та қасиетті екенін жеткілікті түрде жетесіне сіңіруіміз керек. Тек, ана тілімізді дамытудың саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіруші болуы тиіс. Өйткені, бізге қоғамдық келісімді сақтау және нығайту тиімді. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің басты шарты. «Нұрлы Жол» - болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауында Елбасының: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек» деуінде үлкен мән бар.

Осыны ескерер болсақ орыс тілінің маңызы біз үшін әрқашан да басым болып қала береді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев оны жаппай, еркін игеру – Қазақстан халқының жетістігі екенін айрықша атап көрсеткен болатын. Орыс тілін еркін меңгере отырып, біз алып та азулы көршіміз – Ресеймен ежелгі қарым-қатынастарымызды тереңдете түсудеміз.

Ал ағылшын тілінің әлем тілі ретіндегі рөлін мойындамасқа болмайды. Бұл ғылымның, білімнің, бизнестің тілі. Оны меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі, әлем кеңістігіне алып шығады. Яғни, оны балаларға үйрету – уақыт талабы. Ең бастысы, әрбір адам уақыт шақыруына үн қосып, өркениет жолынан қалып қоймауы керек. Қазақта «Жеті таудан аспай, жеті тілді білмей қалай адам боласың» деген мәнді мәтел бар. Бүгінде одан да көп тіл білсең, нұр үстіне нұр!

Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолданудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты да осыған саяды. Осы бағдарламаға сәйкес соңғы он жыл ішінде қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шығатын болады. Солай болады да. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!».

Кенжеболат Жолдыбай