11.01.2020 в 15:43

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ - БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІ

Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, парасаттылық қағидатын қалыптастыру мақсатында бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұжымымен кездесті.

Кездесуге Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев,

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Байгулов қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы атқарылған шаралар мен «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысына тоқталды.

Сонымен қатар, Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» Заңға  енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қол қойған заңда басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілген. Бұл міндеттің орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеліп соғады.

Шарада сөз алған Төлеген Байгулов, «ең әуелі сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алудың жолын әрбір қазақстандық өз отбасында дәріптесе, қоғам дертіне қарсы иммунитетті де нықтаған болар едік» - деп атап өтті. Сонымен қатар, ол көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға жіті тоқталды.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.