06.01.2015 в 14:36

Биыл сайлау: қашан, қайда?

 

2015 жыл да басталды. Бұл жыл еліміз үшін қандай болмақ? Біріншіден, еліміздің саяси өмірінде бәлендей жаңалық болмауы керек.

Бұны біз елімізде Парламент Сенатына, жергілікті мәслихаттардағы орындар үшін ұйыдастырылған науқандарға ғана қарап емес, 2011 жылы Президент, 2012 жылы Парламент сайлауларының өткенін ескеріп қана айтып отырмыз. Осыларға қарасаңыз, саяси науқан өткізуге еш себеп жоқ. Оның үстіне Президент Н. Назарбаев биыл, келесі жыл экономикалық тұрғыда оңай болмайтынын айтқан. Теңгені құнсыздандырмау үшін Ұлттық Банк аз шығындалып отырған жоқ. Негізгі кіріс көзіміз шикізаттың арзандауы, әсіресе мұнай бағасының құлдырауы бюджетіміздің бүйірін шығара алмайды. Сайлау өтуге қажеттілік жоқ деуіміз осыдан. Бірақ, бұл байлам емес. Оны да жоққа шығара салуға болады. Өйткені бізде Парламент өз-өзіне «қол жұмсауға» машықтанып қалған. Сосын ешқашан дәл уақытында сайлау өтпегендіктен халық бойында сенімсіздік бар. Сондықтан да шығар, сайлау өткеннен кейін 1,5-2 жылдан кейін тағы да сайлау болады деген гу-гу еседі жүреді. Оны уақыт көресете жатар. Десе де біз биыл әлем елдерінде өтетін түрлі саяси науқандарды тізіп өтпекпіз. Себебі өркениетті елдерде сайлаудың уақыты жалпақ жұртқа жақсы мәлім. 

ҚАҢТАР

Өткен жексенбіде Өзбекстанда заң шығарушы органдағы мандат үшін сайлау өтті. Ал, ертең Ливандағы президенттік сайлаудың екінші туры болады. 8-қаңтарда Шри-Ланка халқы басшысына таңдау жасаса, дәл осындай тарихи оқиға 11-қаңтарда Хорватияда тіркеледі. Замбия халқы да президентін 20-қаңтарда анықтамақ. Еуропада дағдарыстың ең ауыр зардабын тартқан гректер Парламент сайлауын осы айдың 25-іне белгілепті.

 

АҚПАН

Бұл айдың 14-інде Нигерияда жалпыұлттық сайлау болады. Тағы бір көршіміз Тәжікстанның Маджилиси Олиіне дауыс беру 28-ақпанда немесе наурыздың 1-інде өтеді.

 

НАУРЫЗ

Тәжікстанмен қатар Эстония да дәл осы күні заң шығарушы органын бір жаңартып алмақ. 17-наурызда Израиль, 22-наурызда Швеция да Ригсдагқа сайлау ұйымдастырады. Ислам Кәрімовтің басқаруындағы Өзбекстан Республикасында 29-наурызда Президент сайлауы болады. Дәл осы күні Того халқы да басшыға таңдау жасап жатады. Ал мысырлықтар наурыздың соңғы жексенбісін Парламент сайлауына арнайды.

 

СӘУІР

Күлкі күнінің ертеңінде Судан елінде парламенттік және президенттік сайлау қатар өтеді. Финляндия осы айдың 19-ы күні Эдускантасын жаңартады. Ал Танзания 30-сәуірде Конституциялық референдум өткізеді.

 

МАМЫР

Еуропадағы қызықты саяси науқандардың бірі Ұлыбританияның парламент сайлауы 7-мамырға жоспарланыпты. Тура он күннен кейін Польшада Президент сайлауы.

 

МАУСЫМ

Осы айдың 13-і күні Түркияда парламенттік, Латвияда президенттік сайлау өтеді.

 

ШІЛДЕ

9-ы күні Оңтүстік Судан мен Бурундиде жалпыұлттық парламенттік сайлаулар.

ТАМЫЗ айында саяси науқан болмағанымен ҚЫРКҮЙЕК туа Гватемала халықтық деңгейде таңдау жасайды.

 

ҚАЗАН

11-і Португалия, 18-і Швейцария Парламенттерін жаңартады. 25-қазанда Аргентина мен Танзанияда жалпыұлттық сайлау және Польшада парламенттік сайлау ұйымдастырылады.

 

ҚАРАША

8-қарашада Әзірбайжанның жаңа Милли меджилисі сайланады. Тура бір аптадан соң Еуразиялық экономикалық одақтасымыз Беларусь елінде президенттік сайлау болмақ.

 

ЖЕЛТОҚСАН

20-сы күні, жыл соңында Испанияда жалпымемлекеттік дәрежедегі саяси науқан өтеді.