Келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сыныптарды аяқтаған оқушылар қазақ тілінен емтихан тапсыруы мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрінің бұйрығында жазылған.
«2023-2024 оқу жылынан бастап негізгі орта (5-8 сыныптар), жалпы орта (10 сынып) деңгейінде академиялық жылды аяқтаған кезде қазақ тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі» пәні бойынша және қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша емтихан енгізіледі. Қазақ тілі бойынша емтихан оқу бағдарламасын меңгеру қорытындысы бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес, жазбаша және ауызша нысанда өткізіледі. Емтиханды өткізу уақыты білім беру ұйымының педагогикалық кеңесімен айқындалады. Тапсырмаларды академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, педагогтер құрастырады және білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді. «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша қорытынды баға емтихан (5 балдық шкала бойынша) және жылдық бағалау (5 балдық шкала бойынша) нәтижелері негізінде 30-70% пайыздық арақатынаста қойылады. Қорытынды бағалау ең жақын бүтінге қарай дөңгелектеледі», - делінген құжатта.
Бұйрықта жазылғандай, мұндай өзгеріс қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында енігізілгелі отыр.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілі бойынша емтихан енгізіледі», - деп түсіндірме берілген бұйрыққа.
Ескеретіні - бұл норма 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұйрық 3 ақпанға дейін көпшілік талқылауында болады.