Жаңадан сайланған Сенат депутаты Гүлмира Кәрімованың өліміне анафилаксиялық шок емес, миокард инфарктісі себеп болған. Бұл туралы Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан хабарланды.
Сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша науқастың өліміне жедел миокард инфарктісі тікелей себеп болған. Анафилаксиялық шок алу туралы ақпарат расталмаған.
Сондай-ақ басқармадағылар сенатор өзін жайсыз сезінгенде жедел жәрдемнің дер кезінде, яғни 5 минутта жеткенін атап өтті.
«Бригада келген кезде, өкінішке қарай, науқас қимыл-қозғалыссыз жатқан. Есін білмеген, тамыры соқпаған және тыныс алмаған. Осыған қарамастан, реанимациялық шаралар жүргізілді, нәтиже болмады», - деді басқарма мамандары.
Еске салсақ, Гүлмира Кәрімова биыл 14 қаңтарда өткен сайлауда Солтүстік Қазақстан облысынан Сенат депутаты болып сайланған еді.
Бұған дейін ол Оқу-ағарту министрлігінде мектепке дейінгі және орта білім комитетін басқарды. Солтүстік Қазақстанда облысында білім саласында түрлі жауапты қызмет атқарған.