Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордан бала шотына ақша аудару механизмі әзірленгенін, Қаржы министрлігі оның ережелерін дайындап жатқанын айтты.
«2024 жылдан басталады. Жүйеде болған 18 жасқа дейінгі балаларға жылдық қорытынды бойынша тиісті инвестициялық кірістің 50 пайызы түседі. Осы 50 пайыз әр балаға үлестіріледі. Жалпы 6,5 млн бала 18 жасқа толғанша осы жүйеде болады. Тек бір жылдың кірісін ғана қарамаймыз. Біз 18 жылдағы орташа кірісті аламыз. Себебі, біздің мониторинг бойынша 18 жылдың ішіндегі әр кезеңде кіріс оң болуы керек. Сол себепті осы механизм бойынша жұмыс істейміз», - деді ол.
Сондай-ақ бала 18-ге толған соң азаматтығын ауыстырса, ол бұл қаражатты ала алмайды.
«Бұл ақша басқа балаларға, жалпы Ұлттық қордың ішінде үлестіріледі. Ұлттық қордағы шотынан ақша алғанда оған салық салынбайды», - деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, 18 жасқа толған бала шотындағы ақшаны алғанда салық салынбайды. Механизм дайын. Қаржы министрлігі ережелерін дайындап жатыр.