12.09.2022 в 13:48

Азаттықтар табиғи газ тұтына бастады

Қаратау ауданына қарасты Азат шағынауданына көгілдір отын желісі жеткізілді. Мұнда жалпы ұзындығы 9 шақырымға жуық табиғи газ құбыры тартылып, нәтижесінде 519 абонент газ тұтынады. Алғашқы газды қосу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып,  тұрғындардың қуанышымен бөлісті. 

Азаттағы ағайынның бүгін қуанышы көкке жетті. Көптен бері арман болған көгілдір газға қосылып, қазаны оттан түспей жатыр. От жағып, күл шығару қиындығы артта қалды, деп қолымыз ұзаратын болды дейді, шағынаудан тұрғыны Севара Чуманова. 

Жергілікті тұрғындар шаһар басшысы бастаған жауапты мамандарға аудандағы инфрақұрылымды жақсартудағы жұмыстар үшін алғысын айтты. 

Қала тұрғындарына есеп берген кездесулерде де айтылғандай, қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бес жылдық жоспары бар. Тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Оның ішінде ең өзектілері – инженерлік инфрақұрылымды дамыту, дейді әкім Әйтенов. Қала басшысы  «ҚазТрансГаз» мекемесіне газды тұрғындарға жылу маусымы басталғанша қосуды міндеттеді. 

Айта кетейік, мұнда қазір «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілдері абоненттеу жұмысын жүргізуде.

Қала әкімінің айтуынша, жылдың соңына дейін тағы 7 елдімекенге газ беріледі. 2023 жылы Шымкент тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 90 пайызға жеткізу жоспары бар. Ал жалпы 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайыз орындалмақ.