19.10.2022 в 15:09

Шайынды су тазарту қондырғыларының кешені кеңейеді

2009-2022 жылдар аралығында Еуропалық қайта құру, даму банкі мен Қазақстандағы кәсіпорын, мекемелер арасында табысты серіктестікке қол жеткізіп отырған компаниялардың бірі – Шымкенттегі «Су ресурстары - маркетинг» ЖШС. Осы орайда, өңірді сумен жабдықтау және шайынды су жүйелерін жаңғыртып, қайта құруға жұмсалған инвеститция бүгінде өз жемісін беріп отыр. Бұл туралы серіктестіктің бас директоры Анарбек Орман баспасөз отырысы барысында мәлімдеді.

13 жылдың ішінде 336 шақырым су құбырын, 47,3 шақырым кәріз жүйесін жаңартқан «Су ресурстары - маркетинг» ЖШС, осы аралықта су сорғы желісін автоматандырып, зарарсыздандыру мен тасымалдауды сәтті жүзеге асырған. Бұл ретте Европалық қайта құру, даму банкінің көмегі тиіп отырғандығын, Анарбек Орман тілге тиек етті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылып, шайынды суды тазарту көлемі 150 мың текше метрге дейін ұлғайған. Осы орайда, биогаз өндіру құрылғысы орнатылған. Сонымен қатар, Көмеш бұлақ су қабылдау орны қалпына келтірілген. 
 

Брифинг барысында алдағы жоспарларымен бөліскен серіктестіктің бас директоры шайынды су тазарту қондырғыларының кешенін кеңейте отырып, жабдықтауды қолға алмақ екен. Бұл жұмыстарға еуропалық банктен 3,3 млрд теңге несие алу жағы қарастырылуда. Қазіргі таңда, құжаттарға екіжақты қол қойылып, инвеститциялық бағдарлама бекітілуде, дейді Анарбек Орман.