Ақтөбеде көліктерді алып-сату схемасы бойынша жұмыс істеген қаржы пирамида анықталды, деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Қылмысты агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен өңірлік прокуратура және ҰҚКД-мен бірлесіп, Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері анықтады.
Күдіктілер көлікті бөліп төлеу арқылы, нарықтағы бағадан жоғарыға алып, үшінші тұлғаларға арзанға сатқан, - делінген ақпаратта.
Auto Seller компаниясы Ақтөбе облысының аумағында 2022 жылғы наурыздан бастап жұмыс істеген. Ол ломбард түріндегі қаржы пирамидасы болған. Залал сомасы 300 млн теңгеден асады.
Ломбард қызметкерлері көлік иелеріне (тіркеу есебіне қарамастан) автомобильдерді жоғары бағамен сатып алуды ұсынған. Нотариалды куәландырылмаған, ресми тіркелмеген, бөліп төлеуді көздейтін, сатып алу-сату шарттары жасалған. Содан кейін көліктер үшінші тұлғаларға төмен бағаға сатылды, ал түскен ақша өз мүлкін сатқысы келетін келесі салымшыларға төленді.
Тінту барысында Auto Seller ЖШС-нің заңды мекен-жайынан техника, заңсыз қызметке қатысты құжаттама, діни сипаттағы әдебиеттер және банк карталары тәркіленді, деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Сот шешімі бойынша күдіктілер 2 айға қамауға алынды.