Сенат депутаттары «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, бұл шарт Конституцияда бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған.
«Қазір Қазақстанның бас бостандығынан айыру мекемелерінде Өзбекстанның 486 азаматы жазасын өтеп жатыр. Бұл – Қазақстанда жазасын өтеп жатқан шетелдіктердің жартысы. Өзбекстанда 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр», – деді Әсет Шындалиев.
Айтуынша, мұндай шарттардың тәрбиелік мәні зор.
«Өзге елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болғандықтан, адамдармен қарым-қатынас қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайды», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Сотталған адам төмендегі жағдайда беріледі:
- Егер ол екі елдің бірінің азаматы болса;
- Оның әрекеті екі мемлекетте де қылмыстық деп саналса;
- Кемінде 1 жыл жазасын өтейтін уақыты қалса;
- Екі ел де сотталған адамды беруге келіссе.
Сондай-ақ төмендегі жағдайда берілмейді:
- Егер мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе;
- Ұлттық заңнамаға қайшы келсе;
- Қарыздары болса;
- Сот процесі немесе тергеу әлі жүргізіліп жатса.