Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап, бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 431-бабы, 443-бабы, 444-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа алып, сот алқасы 2022 жылдың 28 қазанда Елжан Біртановқа, Олжас Әбішевке қатысты үкімі өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы етті. Қорғау тарапы мен сотталғандардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмайды. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді», - деді судья Айбек Әмірғалиев.
2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.
«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.
Сондай-ақ оларға пробациялық бақылау қойылатыны айтылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ Олжас Әбішев жазаның негізгі бөлігін өтегенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жұмысқа тартылады.
Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген.
Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.