Журналисттер мен белсенді жастар «Жастар үні» жас кандидаттарды қолдау блогын құрды. Бұл туралы бүгін журналис Ерқанат Көпжасарұлы, Ақбөпе Тәңірберген, Нұрсұлтан Құрман және ҚР Парламенті мәжілісі депутаттығына үміткерлер Яков Федоров пен Мақсат Халық Қазақстан баспасөз клубында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Қазақстан ұлттық арнасы «Ашық алаң» саяси ток-шоуының жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлының айтуынша, «Жастар үні» жас кандидаттарды қолдау блогының қатарына кез келген белсенді жастар кіре алады.
«Біздің басты мақсатымыз – қоғамда пікірін ашық білдіріп жүрген, өз мамандығының жілігін шағып майын ішкен, елдің ішіндегі проблемалардан хабардар әр саланың белсенді жастарын халық арасындағы қолдауына байланысты Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына қатысып, бақ сынап көруге шақыру», - дейді ол.
«Еуразия» телеарнасының журналисі Ақбөпе Тәңірберген өз жеке кейсін айтып, жас депутаттар көбейсе, мәжілістің де ұйқысы ашылар еді деген ой білдірді.
«Тілші ретінде ауыл-аймақты аралап, проблемасын эфирден көрсеткенде, сол ауданнан шыққан депутаттар «халықтың проблемасын шешейік, мынандай мәселе бар екен» деп назар аударудың орнына, ол ауылдың әкімі жақсы азамат деп, мына журналистікі не сұмдық, біздің ауылдың жаман жақтарын ғана көрсетті деп шығатын еді. Бірақ сол ауылда туған жерінің проблемасын шырылдап жүріп көтеретін жастар бар. Олар ойын да ашық айтады. Осындай жастар қазір бір мандаттық жүйе бойынша сайлауға түсіп жатыр, оларға қолдау керек», - деп атап өтті ол.
Ал тележүргізуші, блогер Нұрсұлтан Құрман өз тарапынан жас кандидаттарға әлеуметтік желіде қолдау көрсететінін айтты.
«Мен өзім бармасам да, сол салаға барғысы келіп, еліміздегі заң саласына өзгерістер енгізіп, халыққа пайдасы тиетін азаматтарды қолдағым келеді. Сондықтан тұрақты жас көрермендерден тұратын аудиториясы бар ютуб каналымда «теледебат» ұйымдастырып, әр партиядан ұсынылып жатқан жас кандидаттарды шақыратын боламын. Оның барлығы тікелей эфирде өтеді. Екіншіден, барлық деңгейдегі кандидаттарға подкаст, сұқбат ретінде көмек көрсететін боламын», - деді Нұрсұлтан Құрман.
Блогер Яков Федоров қазақстандық жастарға қатысты стереотиптерге тоқталды.
«Бізде қазақстандық жастар саясатқа қызықпайды деген стереотип бар, алайда бұл олай емес. Бұған дейін жастарда мүмкіндік пен таңдау болған жоқ. Ал қазір кез келген азамат өзін-өзі ұсына алады. Ең бастысы – жастар өзгеріс енгіземін деген шын ниеттерімен бара жатыр», - деді ол.
Экономист, ҚР Парламенті мәжілісі депутаттығына үміткер Мақсат Халық партиялардан жасалып жатқан қолдауға тоқталды.
«Шыны керек, бізді бірде-бір партия қолдап жатқан жоқ, «Аманат», «Ауыл», «Республика» партиясы болсын. Сонықтан қазір өзімізді ұсынып, болашаққа үлес қосамыз деген ниет бар. Әрине, өңірлерде әділетсіздік орын алатын шығар, бірақ өзгерістерді өзіміз жасап, қаңтардан бастап айтылып келе жатқан «Жаңа Қазақстанды» бірге құруымыз керек», - деп атап өтті Мақсат Халық.
Айта кетейік, «Жастар Үні» жас кандидаттарды қолдау блогы өз-өзін бір мандаттық жүйемен ұсынғандарды да, партия атынан ұсынылып отырғандарды да бөліп-жармай қолдауға дайын. Бастысы 21-35 жас аралығындағы жастар санатына жататын азаматтар болуға тиіс.