86 жасқа қараған шағында Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев дүниеден озды. Қаралы хабарды Ғылым және жоғары білім министрлігі жеткізді.
Әбдімәлік Нысанбаев 1937 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген.
1960 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.
1960-1961 жылдары КСРО Ғылым академиясының химия ғылымдары институтында аға лаборант, 1961-1976 жылдары Қазақстан ғылым академиясының философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылым философиясы және методологиясы бөлімінің меңгерушісі болды.
1990 жылдан 2010 жылға дейін философия және құқық институтының директоры болды.
Сонымен қатар 1997-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакторы қызметін қоса атқарды.
Нысанбаевтың негізгі зерттеу еңбектері диалектика және таным теориясы, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану және мәдениеттану мәселелеріне арналды.