Швеция азаматы қос азаматтық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Polisia.kz.
«Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Швеция азаматын Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзғаны үшін ұстады.
Көлік полицейлері Қазақстан мен Швецияның қос азаматтығы бар 57 жастағы әйелді ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігі (Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімі бойынша Швеция азаматы 200 АЕК (690 мың теңге) сомасына әкімшілік айыппұл түрінде жауапқа тартылды.
Сондай-ақ Қостанай станциясының теміржол вокзалында 56 жастағы Ресей азаматы анықталып, ұсталды. Ол теміржол вокзалы ғимаратында жолаушыларды мазалап тиісіп, қайыр сұраған. Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 3-бөлігі (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сот ер адамды үш тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.