28 ақпанда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ресми сапармен келді. АҚШ саясаткері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Өз кезегінде АҚШ мемлекеттік хатшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ президентінің сәлемін жеткізді.
Одан бөлек, АҚШ мемлекеттік хатшысы С5+1 форматындағы Орталық Азия елдері министрлерінің кездесуіне қатысып, экономика, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
«АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл реформаларын қолдайды. Осыған байланысты біз Қазақстан қабылдайтын шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылаймыз. Әсіресе, адам құқығын қорғау, жемқорлықты жою мен президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформаларын атап өткім келеді», - деді Энтони Блинкен Астанада өткен C5+1 кездесуінен соң.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Twitter желісінде Қазақстанға сапары сәтті өткенін жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Сыртқы істер министрлігіне қонақжайлығы үшін алғыс айтты. Ол жазбасын «Қайырлы күн, Қазақ елі!» деп бастады.