Алматыда қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу кезінде тұрғындардың бірі «Ush-Konir» тұрғын үй кешеніне қатысты сауал қойды.
«Біз не ақшасыз, не пәтерсіз қалдық. «Ush-Konir» тұрғын үй кешеніне қатысты мүлікке тыйым салынғаны айтылды. Бірақ кеше ғана сол жерге бардым, пәтерлер әлі де сатылып жатыр. Сізге (әкім Ерболат Досаевқа) қабылдауға кіре алмай жүрміз», деді тұрғын.
Алматы әкімі бірден «мен сіздерді қабылдамаймын» деп жауап берді.
«Мен сіздерді қабылдамаймын. Себебі сіздер өз еріктеріңізбен сол компаниядан пәтер сатып алуға бардыңыздар. Ол жерде мен болған жоқпын. Сіздер маған емес, полиция департаменті бастығының қабылдауына кіргілеріңіз келетіні туралы айттыңыздар. Мен сізді қабылдамаймын. Бұл іспен айналысқым келмейді», - деп жауап берді Ерболат Досаев.
Қалалық полиция «Ush-Konir» тұрғын үй кешенінде пәтерлер әлі де сатылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
Сондай-ақ Ерболат Досаев қала прокуратурасына бұл істі назарға алуды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Ush-Konir элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтер сатып алушылар мен құрылыс салушы арасында lider Group Consalt жылжымайтын мүлік агенттігі делдал ретінде әрекет еткені белгілі болды.
Ол тұрғын үй құнының 20%-ын салғаннан кейін ТК салынып болған соң пәтер алуға кепілдік беріледі деп уәде берген. Тұрғын үйдің бір шаршы метрге 440 мың теңге деп белгіленгенін айтқан. Бірақ келісімге қол қойылғаннан кейін бірден үлескерлердің келісімінсіз бағалар көтеріле бастаған.