Астанада 76 құрылыс нысанында ереже бұзылғандықтан жұмыс тоқтатылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Қазір рұқсат құжаттарынсыз құрылысы жүріп жатқан 76 нысан анықталғаны айтылды.
Олардың қатарында: Mars Project (ЖШС), Aiz Kurylys ЖШС, «Русалдинг Line» ЖШС, «Билдинг компани» ЖШС, Expert Consulting Agency Kazakhstan ЖШС, «Тауекел Инжиниринг» ЖШС, Global Millennium ЖШС, Handan-Astana ЖШС, Oreol-Group және т.б.
«Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізетін субъектілердің бәріне жұмысын тоқтату туралы нұсқама беріледі әрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, тиісті жер құқығынсыз құрылысы жүріп жатқан 20 нысан (76 нысанның ішінде) бойынша сот органдарына демонтаждау бойынша талап арыздар беріледі», - делінген әкімдік хабарламада.
Сондай-ақ, қалада «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР заңының талаптарын сақтау бойынша бірқатар түйткілді мәселе бар. Сонымен қатар, қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің ақшасын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланып тұратыны айтылды.
Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын мынадай жағдайларда ғана қабылдай алады:
- тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
- Екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
- тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
- Егер қолданыстағы заңды бұза отырып, сізбен мәміле жасалған жағдайда, «Астана қаласы қалалық ортаның бақылау және сапа басқармасы» ММ уәкілетті органына хабарласу сұралады.