Ақмола облысында «Қайсар» партиялық жобасын жүзеге асырудағы серіктестердің қатысуымен «АМАNАТ» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың үгіт-насихат жиыны өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы талқыланды.
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидаттар Сұлтанбек Бекешев пен Дуанбай Ыбырай, сондай-ақ жобаны жүзеге асырудағы серіктес – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы облыстық қоғамдық ұйымы филиалының жетекшісі Орынбек Сағидолда еліміздің болашақ құтқарушылары алдында сөз сөйлеп, жастарға арналған партияның негізгі басымдықтарын түсіндірді.
Баяндамашылардың айтуынша, «Қайсар» партиялық жобасы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, еліміздің қарулы күштері қатарында қызмет етуге және Отан қорғауға дайын азаматтығы жоғары тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Мәселен, облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидат Дуанбай Ыбырай мемлекеттік тіл қазақ тілін білудің маңыздылығына мән беріп, жастардың бойындағы намыс пен ұлттық рухты қалыптастыруда партияның бағдарламасына тоқталып өтті.
Өз елінің, халқының тілінде сөйлеген адам ғана нағыз патриот бола алады,- деді Дуанбай Ыбырай.
Ал жастар қазақ тіліндегі әдебитет пен бейнероликтердің жоқ екенін айтты.
Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстан халқының тілдерін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «ҰЛТТЫҚ МҰРА» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін жүйелі түрде қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара өткізіледі.
Үміткерлер жиналғандарды 19 наурызда сайлауға келіп, сол арқылы азаматтық позициясын көрсетіп, нақты істер партиясы – «АМАNАТ» партиясына дауыс беруге шақырды. Жиналғандар ұсынылған кандидаттарды қолдайтындарын айтты.
Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.