Оқу-ағарту министрлігі мектеп директорларының жауапкершілігін күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Оқу-ағарту министрлігі білім мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігін қамтамсыз етуді одан әрі жетілдіру мақсатында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының жауапкершілігін күшейтуді, қауіпсіздік жүйелеріне мониторингті тұрақты түрде жүргізуді іске асырады, - деді Бейсембаев үкімет отырысында.
Сонымен қатар мектептерге кіруге рұқсат берудің жаңа тәртібі әзірленіп, енгізіледі. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тәрбие жұмысы жаңғыртылады. Бұған қоса мұғалімдерді қайта даярлау бағдарламаларына балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа курс модулін енгізу жоспарланып отыр.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бейнебақылау жүйелерімен мектептер 100% қамтылған. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошағы қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2400-ден аса білім беру нысаны қамтылған.
«Дегенмен, бұл жұмысты президенттің тапсырмасына сәйкес, бірқатар өңірлер 2023 жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтауы қажет», - деді Бейсембаев.