09.03.2023 в 12:51

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі елден қашпақ болған – прокурор

Мемлекеттік айыптаушы бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ екенін айтты

Гүлмира Сатыбалды, сотталушы

Астанада Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Сотталушының адвокаты Әсел Рабатова Сатыбалдыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Бірақ мемлекеттік айыптаушы – прокурор адвокаттың өтінішін қабылдаған жоқ.

«Сотталушының үш баласы, бес немересі бар. Әйелге қамауда отыру қиын. Гүлмира Сатыбалды тұрақты тұрғылықты жері бар. Ол барлық сот отырысына алдын ала шақырту бойынша келуге дайын. Сол себепті бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз», - деді адвокат.

Мемлекеттік айыптаушы Альмира Қожахметова Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ екенін айтып өтті.

«Қазірге дейін бұлтартпау шарасын өзгертуге ешқандай себеп жоқ. Өйткені сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Гүлмира Сатыбалдының шекарадан өтуге тырысқаны анықталды. Сол себепті бұлтартпау шарасын өзгертуге қажеттілік жоқ деп санаймын», - деді прокурор.

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.

2023 жылдың 16 наурызында Гүлмира Сатыбалдының қамауға алынғанына тура бір жыл толады.

Іс бойынша үш сотталушы бар: Гүлмира Сатыбалды, Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебеков.

Тегтер: