17.05.2024 в 18:11

ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ ТИІМДІ ЖЕТКІЗУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Қала әкімдігінің Шымкент қаласының Әуежай басшылығымен жүргізген келіссөздері нәтижесінде бұдан былай радиофармацевтикалық препараттар (РФП) тік ұшақтар арқылы жеткізілетін болды. Бұл өз кезегінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды ерте кезеңде анықтап, емдеу шараларын ерте жүргізуге мүмкіндік бермек.

Фтор-18 радионуклидінің ыдырау мерзімі 109 минутты құрайды. Бұл препарат ПЭТ/КТ көмегімен диагностикалық зерттеу ретінде әртүрлі нозологиялық нысандар мен локализациядағы қатерлі ісіктерді дифференциалды диагностикалау, қатерлі ісіктердің таралуы мен сатысын анықтау, ісіктерді емдеудің тиімділігін бағалау үшін қолданылады.

Қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында қарастырылған осындай ем шаралардың нәтижесінде бүгінде науқастар өмірі айтарлықтай ұзаруда.

РФП осыған дейін арнайы жабдықталған көлік құралы арқылы Алматы қаласындағы Ядролық физика институтынан ұзағымен 2 тәулік ішінде жеткізілетіндіктен, қуаттылығы төмендеп, аз науқасқа ғана жететін. Себебі бұл препарат 109 минут сайын жартылай күшін жоғалтады. Ал әуе жолымен тасымалдау арқасында жолға небәрі 2 – 3 сағат жұмсалатындықтан, көп науқасты қамтуға мүмкіндік туады.
Әдетте адамдар дәрігер онкологиялық сырқат туралы диагноз қойса, бойды үрей билеп, бұл дүниемен қоштасуға дайындала бастайды. Ал уақытында скринингтен өту арқылы аурудың алдын алуға, жазылуға болатынын ескере бермейді. Сау жасушаларды обырлана жеп, ағзаны кеулейтін бұл дерттің ең бір қауіпті тұсы – алғашқы кезеңде ауру белгілерінің мүлде байқалмауында. Сондықтан науқас сырқаттанғанын сезбей уақыт оздырып алып, тек ауру жанына бата бастағанда ғана дәрігердің алдына келеді. Ал дер кезінде скринингтен өтіп, аурудың алғашқы даму өрісін анықтаған жағдайда, одан толық жазылуға болады. Өйткені бүгінде қатерлі ісік дертін көптеген созылмалы аурулар тәрізді бақылауда ұстауға мүмкіндік көбейіп келеді. Сондай-ақ соңғы жылдары Президент денсаулық сақтау саласына жіті көңәл бөліп, министрлікке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту бойынша тапсырма беріп, жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу тетіктерін қайта қарау бөлігінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі сирек кездесетін ауруларға арналған дәрі-дәрмектің 18 түрімен кеңейтілген.