21.05.2024 в 19:40

ТАЗА ҚАЛА ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЛАДЫ

«Тазалық-табалдырықтан басталады», сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың басты міндеті. Табиғатқа деген жанашырлықты арттыру, қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясында Шымкент қаласының тұрғындары да жұмылып бірнеше апталар бойы тазалық шараларын ұйымдастырды. 

Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерде санитарлық тазалық жұмыстары мен көріктендіру, абаттандыру шаралары, шөп ору, ағаштарды әктеу, қоршаулар мен орындықтарды сырлау жұмыстары қызу жүруде. Одан бөлек, 3,3 шақырым ирригациялық арық жүйесі, 9,7 шақырым жол жиектері тазартылса, 130 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 9500-ден аса қала тұрғындары мен 112 техника жұмылдырылды. Акция аясында белсенді тұрғындардың бастамасымен "Өткенге – құрмет, тіріге міндет" атты шарасына қаладағы 92 мешіттің діни қызметкерлері мен ерікті 3574 азамат қатысты. 37 мұсылман зираттарының аумағын күл-қоқыстан, шөптерден тазартылып, қураған ағаштар кесілді.

Ал, "Жасыл аймақ" апталығы аясында ұйымдастырылған сенбілікке жас экологтардың қосқан үлесі де зор болды. Жасыл желек қатарын көбейтуге атсалысқан жас экологтарға қала тұрғындары да көмектесіп, ағаш көшеттерін отырғызу және ақтау жұмыстарын жүргізді. Ал еліміздің көк байрағын әлемде желбіретіп жүрген спортшыларымыз қаладағы Әл-Фараби көшесіне 100 түп көшет егіп, тазалық шараларын жүргізді. 

- Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол адамның денсаулығы, өң-түсінің сүйкімділігі, өмір жасының ұзақтылығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз. Халқымыз тазалыққа аса мән берген. Қала әкімі Ғабит Сыздықбекұлы шаһар тазалығына аса мән беріп, өз бақылауында ұстап отырғанын оның көрегенділігі деп білемін. Халқымызда «Тазалықтан тән де, жан да жасарады» деген сөз бар. Шаһар басшысы Шымқала үшін микроклиматты қалыптастыру маңызды мәселенің бірі екенін айтқан болатын. Қала атына заты сай «Жасыл қалаға» айналдыру басты мақсат екенін айтқан сөздері көпшіліктің көңілінен шыққан еді, - деді қала тұрғыны Ақылбай Ораз. 

Қала әкімінің мәліметінше, биыл үшінші мегаполисте 74 ұңғыма, 65 шақырым жаңа ирригациялық жүйелер салынды. Суғару жүйелерін ретке келтіру арқылы жасыл желектер аумағы ұлғаюда. Сондай-ақ қаланы көркейту жолында халықтың көкейінде жүрген бірнеше өзекті мәселенің шешімі табылуда. Атап айтқанда, қала орталығындағы «Спутник» гүлзары мемлекет иелігіне қайтарылып, демеушілер есебінен қайта салынды. Сонымен қатар, «Аналар аллеясы» ашылып, ел игілігіне тапсырылды.

Жалпы тазалық акциясының белсенділікпен өтуіне Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар барынша көңіл бөлумен қатар өздері де қызу жұмылуда.  “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында тазалық шараларына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Сондай - ақ, қала әкімінің орынбасары С.Құранбек және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділерімен бірге 100-ге келген ҰОС ардагері Нина Мосунованың үйіне барып, ауласын тазалады. Белсенділер ағаш түбін қопсытып, қораларын сырлап берді. Бұдан бөлек, барлық басқарма мен аудан әкімдігінің қызметкерлері, қала жастары мен еріктілер қарттарымыздың батасын алып, экологиялық шараға өз үлесін қосты.