22.05.2024 в 13:40

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ

Шымкент 2200 жылдан астам тарихы бар көне әрі еліміздегі  экономикасы басқа қалалармен салыстырғанда бір қадам алда келе жатқан шаһардың бірі. Халқы күн санап артып жатқан Шым қалада инфрақұрылым ретке келтірілген, түрлі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асып жатқанына халық куә. Соңғы жылы қаланың негізгі капиталға салынған инвестициясы 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе артқан. Бұл дегеніміз өндіріс саласы дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың да өмір сүру сапасына оң әсер ететін жәйт.
Былтыр Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 6 нысаналы индекатор белгіленген. Олар – кәсіпорындарды цифрландыру жүйесіне көшіру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, сауда, қала аумағындағы базарларды қайта жаңғырту және ретсіз сауданы жойып қала көркіне сай сауда қатарларын көбейту. 


Аталмыш басқарма мәліметіне сүйенсек, қазір қаламызда 839 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп келеді. Оның 24-і ірі кәсіпорын, 45-і орта және 770-сі шағын кәсіпорын. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 767 млрд теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 196 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,7 пайызды құраған. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар да жыл басынан бері 9,140 мың тоннаның өнімін өндірген. Оның 3,824 тоннасын «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС өндірсе, «HILL Corporation» мекемесі – 5,316 мың тонна өнім шығарған. Ал, жылдық жоспар – өнімді 70 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 235 млрд теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп өнімінің төмендеуі өңдеу өнеркәсібі саласының - 2,3 пайызға, электр, газ және бу беру - 4,2 пайызға төмендеуі есебінен қалыптасты. Ал кен өндірісі 20,3 пайызға, сумен жабдықтау саласы 52,3 пайызға өскен. Көрсеткіштің төмендеуіне «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС-ның 15 наурыздан 7 сәуірге дейін жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуінен орын алып отыр.


Қала экономикасын ілгерілетуде инвестицияның үлесі зор. Мәселен, былтыр қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал жыл соңына дейін 721,7 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 32 пайызға өскен. Инвестицияны көбірек тарту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған 1,7 трлн теңгеге 227 инвестициялық жобаның базасы жасақталып, 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Соның ішінде 129 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба өткен жылы іске асырылып, нәтижесінде 2 500 жаңа жұмыс орны ашылған.

Инвестициялық жобалардың басым бөлігі өнеркәсіптік аймақтағы өндіріс орындарында іске асып жатқаны баршаға белгілі. Бұл үшін қазір қала аумағында 869 гектар жерге 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 350,5 млрд теңгені құрайтын 335 жоба іске асыру жоспарда болса, қазірге дейін оның 273 жобасы жүзеге асып, 8016 жаңа жұмыс орны құрылған.