Кездесуде екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму динамикасы жоғары бағаланып, Сингапурдың еліміздің экономикасына салған инвестициясы 1,7 млрд доллардан асқандығы айтылды.
Президенттер негізгі салалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін жеткізіп, екіжақты қатынастардың құқықтық базасын нығайтуға уағдаласты.
Одан әрі Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесіп, қызметімен құттықтады.
Келіссөз барысында екі елдің экономикасы бір-бірін толықтыратыны айтылып, Мемлекет басшысы көпжоспарлы әріптестікті нығайтуға септігін тигізетін Үкіметаралық комиссия құруды ұсынды.
Сингапур Республикасына мемлекеттік сапар аясында бірқатар мемлекетаралық және ведомствоаралық құжаттарға, атап айтқанда екі ел Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, Ішкі істер министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, Әділет министрліктері арасындағы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, құқықтық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Сингапур стандарттарын тарату және аудару жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Одан кейінгі Сингапурдың Премьер-министрінің орынбасары Хенг Суи Кеатпен кездесуде үкіметтер мен бизнес құрылымдардың ықпалдастығын нығайту арқылы екіжақты серіктестікті одан әрі дамыту жолдары талқыланды.
Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы екі жақты сауда көлемі 1,8 млрд долларды құрайтынын айтып, бұл көрсеткіш одан әрі көбейетініне сенім білдірді.
Форумда шикізат пен табиғи ресурстарды жеткізу, экологиялық таза энергия өндіру, биотехнология және медицина салаларында, цифрлық секторда одан әрі ынтымақтасу жолдары айтылды.
Сонымен қатар Форум қорытындысымен коомерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Мемлекет басшысы Temasek Holdings компаниясының бас директоры Дилхан Пиллэйді, Indorama корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Амит Лохианы, SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгты жеке-жеке қабылдап, түрлі салаларда серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады.
Мәселен, әлемнің 9 елінде он үш өкілдігі бар Сингапурдың ең ірі инвестициялық компанияларының бірі Temasek компаниясымен бірлескен инвестициялық қор құру мәселесі талқыланды.
Ал SOVICO Group компаниясы Қазақстандағы бірнеше әуежайды басқаруға алу, сондай-ақ логистикалық қоймаларға инвестиция құю ісіне қызығушылық танытатынын жеткізді.
Сингапурдың аға министрі – Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинмен кездесуде екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы талқыланды.
46-шы Сингапур лекциясын оқыған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастық, геосаяси қақтығыстарды реттеу, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша сұрақтарға жауап берді.
Ел Президентінің Сингапурдың үшінші Премьер-министрі, аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесуінде қаржы, сауда-экономика, гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты талқылады.
Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур ректорларының «Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы» форумына қатысып, білім және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты пікірін білдірді.
«Болашақ» бағдарламасы арқылы еліміздің 12 мыңнан астам студенті әлемнің үздік Университеттерінде білім алса, оның 72-і Сингапурда оқыған. Президент бұл үрдісті одан әрі жалғастыруды көздейтінін айтты.
Қазақстан мен Сингапурдың жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының 150-ден астам өкілі қатысқан форумда Сингапурдың Білім министрі Мұхаммед Малики Осман және Сингапур ұлттық университетінің президенті, профессор Тан Энг Чие сөз сөйледі.