21.06.2024 в 10:22

ҚАЙТАРЫМСЫЗ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Үшінші мегаполисте  қайтарымсыз грант бойынша комиссия отырысының жұмысы мәресіне жетті. Алғашқы лекте Шымкент қаласының Еңбек мобильдігі орталығына 1 162 адам өтінім беріп, бизнес-идеяларын жүзеге асыруға ниет білдірген. Маусым айының 4-7 жұлдызы аралығында үміткерлер комиссия алдында жобаларын қорғап, нәтижесінде 214 адамға қайтарымсыз грантқа ие болды. Әлеуметтік осал топ азаматтарының бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз қаражат алуға өтінімдер электронды форматта қабылданды. Бұл қолдауға еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түсті. 


Ережеге сәйкес қатысушылардың жұмыссыздыққа тіркелген немесе тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы шарт. Сондай-ақ, үміткер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификатын қоса көрсетуі тиіс. Комиссия өкілдері ең әуелі бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне назар аударды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 25-і мал және құс шаруашылығын, 52 –сі қызмет көрсету, 34 кондитер және нан өнімдері, 41 тігін саласын, 16 жартылай фабрикат өнімдерін, 3 - жиһаз өндірісін, 35 өндіріс саласын, 8 тамақ өнеркәсібін қамтыды. 


Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир ұйымдастырылып, қала тұрғындары жұмыс барысына қоғамдық бақылау жасады. Яғни, отырысты кез келген азамат онлайн форматта бақылай алады. Бұл ең алдымен комиссия отырысының ашық өтуіне, үміткерлер шынайы таңдаудан өтеді деген сөз.  Бүгінгі таңда комиссия іріктеуінен өткен грант иегерлерімен келісім-шарт түзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл қолдау тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, өнім өндіруге берілмейді. 
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша түрлі реформаларды іске асыруды тапсырған болатын. Ол өз сөзінде шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз деген болатын. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс екенін де тілге тиек еткен боалтын. Біз қалай болғанда да, кәсіпкерлік дамымайынша елдің дамуы болмайтынын жақсы түсінуіміз керек. Бұл сала елдің қазынасын ұлғайтып, жұмыссыздықты азайтатын, экономиканың барлық секторын қозғалтатыны айтпаса да түсінікті.