21.06.2024 в 10:50

«БІР КҮНДІК КЛИНИКА» КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН

Елімізде бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда Маңғыстау, Түркістан облыстарынан соң Шымкент қаласы саналады. Жуырда қалалық перинаталдық орталықта «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылды. Енді жүктілікті жоспарлап жүрген аналар алдын-ала анализ тапсырып, денсаулығын тегін тексерте алады. Жобаның артықшылығы: болашақ аналар сәбидің саулығын бақылау үшін айлап, апталап медициналық зерттеудің талдауын күтпейді. «Бір күндік клиника» барлық талдаудың нәтижесін бар болғаны 30-40 минутта анықтап береді.


Емхананың ашылуына денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері – ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мен ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова арнайы қатысты. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек министрлік өкілдеріне алғысын білдіріп, жобаның жемісті болатынын атап өтті.


Шымкентте бала туу көрсеткіші жыл санап өсуде. Сәйкесінше болашақ аналар үшін дәл осындай емхана қажет-ақ.


-    Республика бойынша балалардың 40,6% -ы, яғни жартысына жуығы үшінші мегаполистің тұрғыны. Былтыр қалада 30 мыңнан аса жүкті әйел тіркеліп, 31 мыңдай сәби дүниеге келген. Шымкентте әр 15 минут сайын 1 бала өмір есігін ашады. Міне, осы тұрғыдан келгенде қаламызда пилоттық жоба аясында емхананың ашылуы біз үшін аса маңызды, – деді Сәрсен Абайұлы өз сөзінде.


Орталық дәрігерлері мен өзге өңірлерден келген мамандар жобаның іске асырылу тетіктері мен маңыздылығын сөз етті. Жүкті әйелдерге 11 мен 13 аптасының 6 күніне дейінгі мерзімде учаскелік дәрігерден тексеріске жолдама беріледі. Сосын орталыққа келіп, перинаталдық диагностиканы жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи сапалы жабдықтар көмегімен тексеруден өтеді. Ұрықтың генетикалық ауруларының биохимиялық маркерлерін бағалау үшін веноздық қан тапсырады. Бұл дегеніміз жатырға біткен баланың бойында қандай да бір ауытқуларды ерте мезгілден анықтауға болады деген сөз.


Айта кету керек, барлық диагностикалық процедуралар МӘМС-тің қаржыландыруы аясында толығымен тегін және учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша қабылданады.