Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халыққа жалға берілетін баспана санын көбейтуді тапсырған болатын. Міне, осы ретте елімізде іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырғанын тілге тиек етті.
Наурыз айында Қазақстанда бірден екі жаңа ипотекалық бағдарлама – «Отау» және «Наурыз» іске қосылды. «Отбасы банкінің» деректері бойынша елімізде 1 мамырға дейін «Отау» бағдарламасымен 22 853 және «Наурыз» бағдарламасы бойынша 2 336 өтініш тіркелген.
Аталмыш екі бағдарламаның шарттары ұқсас болғанымен, халықтың әртүрлі топтарына арналған. Соған түсінік бере кетсек, «Отау» жұмыс істейтін жастарға көбірек көңіл бөледі. «Отбасы банкінің» өтініші бойынша жыл сайын қарыздардың жартысынан көбі 35 жасқа дейінгі азаматтарға бөлінеді. «Наурыз» бағдарламасы азаматтардың әлеуметтік осал топтарына ыңғайландырылған.
«Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі азаматтарға кредит беруге бөлінеді деген сөз. Жыл сайын қаржыландыруға 150 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылады. Бұл ақша Отбасы банктің өз қаражаты есебінен бөлінеді. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланған.
Бағдарламаның шартына сәйкес алғашқы жарна 20 пайызды құрайды. Кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9 пайыз, несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 айға дейін жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек. Бүгінгі таңда 8 000 қазақстандық «Отау» бағдарламасына қатыса алатыны жайлы хабарлама алған.
Ал, «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш 25 сәуірден 30 маусымға дейін жалғасады. Осы уақытқа түскен өтініштердің дені тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.
«Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома болуы керек. Айта кететін жайт, тұрғын үйі бар адамдардың өтінімдері қабылданбайды. «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана-маркет платформасы сағатына орта есеппен 400 өтініш қабылдауға қабілетті.
Өтініш қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады. Саралаудан кейін клиенттер банк сайтында «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш берушілердің, атап айтқанда қатысушылар пулына енгендердің және ұпайлар бойынша өтпегендердің толық тізімін көре алады. Пулға кірген қатысушылардың несиеге өтініщ беруге тағы екі ай уақыты болады.