26.06.2024 в 12:57

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен тұрақты жұмыстар жүргізілуде.

Биылғы жылдың ақпан айында Қатарға жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы маңызды салалар, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен жұмыстар бойынша ынтымақтастықты талқылаған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қатар мемлекетінің Әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасы арасындағы Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Ал, 24 маусымда Қатар делегациясы Қазақстанға сапармен келіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали сол елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының (Әкімшілік Бақылау және Ашықтық Басқармасы) басшысы Хамад Бин Насер Рашид Аль-Миснедпен кездесті.

Кездесуде еліміздегі жемқорлыққа қарсы іс-қимылда атқарылған жұмыстармен, оның ішінде бизнесті қорғау, қоғам белсенділерін жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне тарту, активтерді қайтару, құқықтық көмек беру бағыттарындағы іс-шаралардан хабардар етті.

Одан кейін Қатар делегациясымен Алматы қаласы әкімдігінде кездесу ұйымдастырылып, қала әкімі Ерболат Досаев қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша, Ұлттық банктің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, сондай-ақ Электрондық қаржы орталығының өкілдері мемлекеттік қызметтерді, сонымен қатар мемлекеттік сатып алу жүйесін цифрландыру бойынша баяндама жасады.

Шет ел қонақтары еліміздің мәдени-тарихи құныдылықтарымен таныстырылып, Асхат Жұмағали Қатар басшылығын Орталық Азия елдері үшін Өңірлік платформа Конференциясына қатысуға шақырса, еліміз Қатарда өтетін халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы конференцияға шақырту алды.

Кездесу қорытындысымен жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс жасау келісілді.

Айта кету керек, жыл басынан бірқатар мемлекеттердің құзырлы органдарымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кездесулер ұйымдастырылып, келіссөздер жүргізілген болатын.

Атап айтқанда, биылғы жылдың мамырында Агенттік Төрағасы  Асхат Жұмағали Әзірбайжанның Бас прокуроры Камран Әлиевпен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, жедел ақпарат алмасуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеуге уағдаласқан болатын.

Одан бөлек, жыл басында А.Жұмағали Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновпен кездесіп, өзара құқықтық көмек көрсету, бірлескен жобаларды жүзеге асыру қарастырылды.

Онда құқықтық сананы өзгерту, жемқорлықсыз қоғамды құрудағы азаматтармен тығыз қарым-қатынас айтылды.  

Сонымен қатар, 22-24 мамыр аралығында Гонконгта өткен «Жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа жолын жобалау» атты 8-ші симпозиумға қатысып, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы өзекті мәселелер, жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жолын кесу, халықты, оның ішінде жастарды жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерге тарту жолдары талқыланды.

Аталған Конференция аясында еліміздің Антикор Төрағасы А. Жұмағали Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз Комиссиясының басшысы Дэнни Вумен кездесіп, өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын.

Сәуір айында Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің блогы бойынша ЭЫДҰ жемқорлыққа қарсы желісінің мониторингтік тобының елімізге іс сапары барысында Агенттік Төрағасы Қазақстанда жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру мақсатында атқырылып жатқан жұмыстардан, ақпараттандырушыларды қорғау, мемлекеттік қызметшілердің негізсіз баюына қатысты жауапкершіліктерден хабардар етті.

Францияның Страсбург қаласында Жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 96-шы пленарлық отырысында еліміз тарапынан ГРЕКО ұсынымдарының орындалу барысы туралы есеп ұсынылып, пленарлық отырыс шешімімен Қазақстанның есебі қабылданды.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік кеңесшісі Владимир Козинмен кездесуде бірқатар салалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ұйымдар мен басқа да мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуда.