10.07.2024 в 18:27

МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Исабеков Данабек Ержанұлының келесі кездесуі жаңадан ашылған мамандандырылған ХҚКО-да өтті. Кездесуге «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Жүнісбек Ердаулет Асқарұлы, қалалық мәслихат депутаты Сұлтанова Төреайым Жолдыбайқызы қатысты.
Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты Асар-2 шағын ауданында орналасқан. Жаңа ХҚКО автомобильдерді тіркеу және қайта ресімдеу қызметтерін де көрсететін болады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы ғимаратта жүргізуші куәлігін алу және ескі құжатты ауыстыру үшін медициналық тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Аталмыш орталық директоры Тобаева Айнұр Шорабекқызының айтуынша, енді шымкенттіктер жұмыс күндері таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін теориялық емтихан тапсырып, ескілерін ауыстыруға болады.
-    Біз Асар-2 шағынауданында, «Төлеби» сауда ойынсауық орталығында орналасқанбыз. Бізге келіп емтихан тапсырушылар алдын ала кезек алуына болады. Талонды алғаннан кейін үміткер медициналық тексеруден өтіп, теориялық емтихан тапсыру үшін бөлмеге кіреді. Тест 40 сұрақтан тұрады. Егер үміткер 32 сұраққа дұрыс жауап берсе, онда ол практикалық емтихан тапсыру үшін автодромға өтеді, - дейді Айнұр Шорабекқызы. 
Жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық емтиханды әзірге аталмыш ХҚКО-да тапсыра алмайды. Арнайы автодром іске қосылған соң келушілер емтиханды да практикалық сабақтарды да осы орталықта тапсыра алады. Сондай-ақ, орталық жанында азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі де жұмыс істейді. Бүгін осы орталықта мәжіліс депутаты Данабек Ержанұлы жас жұбайларға неке куәлігін тапсыру рәсіміне куә болып, жастарға ақ тілегін білдірді.