Елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ілтипатын білдіре отырып, екі мемлекет арасындағы достық, бауырластық қарым-қатынастардың жақсы жағына түбегейлі өзгергендігін айтып, бұл сапардың ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттарға қол қоюмен ерекшеленетініне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сый-құрмет көрсеткені үшін алғысын білдіре отырып, Шавкат Мирзиёев бұл кездесу серіктестік пен одақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.
Президенттер екі ел арасындағы қатынастар барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын айтып, түрлі салалардағы, әсіресе сауда-экономикалық, транзит, инвестиция, көлік, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, су ресурстары бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Одан әрі Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысып, екі елдің ынтымақтастығына ерекше көңіл бөлінетіндігіне назар аударылып, алдағы он жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамытуға арналған бағдарламаға қол қойды.
Қазақстан-Өзбекстан тауар айналымы қысқа уақыт ішінде 5 млрд долларға жетсе, оны екі еселеуді қолға алу мен түрлі салалардағы ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін пайдалану мақсатында екі ел шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясын іске қосуды, бизнес үшін қолайлы жағдай жасау жолдарын қарастырды.
Бүгінде 3 млрд доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы 14 мың жұмыс орнын ашу көзделуде.
Көлік-транзит саласында жүк жеткізу мерзімдерін қысқарту, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, тарифтерді оңтайландыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, кеңес отырысында парламентаралық, үкіметтік, салалық министрліктер арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылып, халықаралық деңгейдегі ұйымдар аясындағы әріптестік талқыланды.
Сондай-ақ, жиында екі елдің Премьер-Министрлерінің орынбасарлары, Көлік, Энергетика, Су ресурстары, Мәдениет, Білім және жоғары ғылым министрлері баяндама жасады.
Тарихи кездесу бірқатар шешімдерге қол қоюмен аяқталды.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосқан мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айта келе, еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын қыран» орденін Өзбекстан Президентіне табыс етті.
Бүгінде егемен ел ретінде қазақ-өзбек қатынастары нағыз бауырластық деңгейде дамыған, шекараны толықтай бекіткен, түрлі бағыттардағы, әсіресе сауда, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты нық бекіткен.
Қазақстанның ең жоғарғы наградасына ие болған Өзбекстан Президенті Мемлекет басшысы мен қазақ еліне ризашылығын білдіріп, елімізді ең жақын әрі сенімді серіктес ретінде көретінін жеткізді.
Мемлекеттік сапар аясында екі мемлекеттің Президенттері бейнебайланыс арқылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалдарының ашылу салтанатына қатысып, филиалдардың қызметі туралы бейнероликті тамашалап, оларды ашуға рұқсаттарын берді.
Осы ретте мемлекеттер арасындағы білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Өзбекстанның Білім министрі Конгратбай Шарипов баяндама жасады.
Көлік министрлері Марат Қарабаев пен Илхом Макхамов көлік-транзит бағытындағы бірлескен жұмыстар туралы баяндады. 2024 жылы Хиуа қаласында Қытай-Қазақстан-Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру келісіліп, соның арқасында жүктерді жеткізу мерзімдері қысқарған. Сиань қаласындағы порттан еліміздің территориясы арқылы Өзбекстанға жөнелтілген контейнерлі пойыз 4486 шақырым жолды бес тәулікте жүріп өтіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілген.
Екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі екі жыл ішінде 17,2 пайызға ұлғайып, 31 млн тоннадан асқан.
Шағын келіссөздер мен Мемлекетаралық кеңес отырысынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Бұл мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің елімізге сапары барысында қол жеткізілген келісімдер мен қол қойылған құжаттарға тоқталды.
Екі мемлекет арасындағы достықты арттырып, түрлі салалардағы байланыстарды нығайту мақсатында 10 жылға арналған стратегиялық және одақтастықты дамыту бағдарламасы әзірленген. Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысы ұйымдастырылып, қазақ-өзбек қарым-қатынастарының өзекті мәселелері талқыланған.
Бүгінде Қазақстанның өңделген тауарлардың қосымша 40 түрін экспорттауға, сол арқылы Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 млн долларға жеткізуге қауқары бар. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік қарқынды дамып, былтыр бұл саладағы тауар айналымы 1,7 млрд долларға жеткен.
Елімізден Өзбекстанға ұн, бидай, басқа да азық-түлік тауарлары экспортталса, Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерін импорттауға мүдделі.
Астанада өткен бизнес форум мен Іскерлік кеңестің алтыншы отырысында ірі коммерциялық келісімшарттарға қол қойылып, аймақтар арасында қарым-қатынастарды нығайту келісілген.
Ғылым-білім саласындағы қарым-қатынастар өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінде Қазақстанда көрші елден 6 мыңға жуық жастар білім алса, Өзбекстанның жоғары оқу орындарында да қазақ жастары оқуда.
Аймақаралық ынтымақтастық форумын өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құруға бастамашылық жасалды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі ел Президенттерінің бірлескен мәлімдемесіне, Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қазақ-өзбек екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі шешіміне, Жоғары мемлекетаралық кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекіту жөніндегі шешіміне қол қойды.
Одан бөлек, аталған сапар аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімге, 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспарына, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға, Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға және басқа да жалпы саны 12 құжатқа қол қойылды.
Сонымен қатар, қазақ елінің өзбек халқына ерекше ықыласының белгісі ретінде Астанада ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың ескерткіші орнатылып, екі мемлекет басшылары салтанатты түрде ашты.
Салтанатты шараға екі елдің ресми делегациялары өкілдерімен қатар зиялы қауым өкілдері қатысып,Науаи әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырғаны айтылды.
Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтып, ұлы ойшылдың шығармашылығын ортақ қазына деп бағалады.
Атап өту керек, 9 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысады.