Одан әрі Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері бір-біріне делегация құрамын таныстырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентіне қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, транзит, мәдени-гуманитарлық, цифрландыру және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқандығы айтылып, бірақ тоқтап қалмай, бүгінгі сапар бұл бағыттардағы жұмыстарды жандандыру мақсатында үлкен рөл ойнайтындығына қос тарап сенімділігін білдірді.
Мемлекеттік сапар аясында екі ел ынтымақтастығының жай-күйімен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.
Бүгінде Тәжікстан серверлерінде бірлескен жұмыстар жүргізіліп, цифрландыру бағытында тәжік мамандары арнайы оқу курсынан өтіп, Тәжікстандағы мемлекеттік органдарға арналған сайттар қолға алынған. Бұл туралы Президенттердің алдында есеп берген Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Тәжікстанның Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігінің директоры Мирзо Хуршед мәлімдеді.
Аталған сапар барысында Жаслан Мадиев еліміздің ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласындағы жетістіктерімен таныстыра келе, басты жетістіктердің бірі, мемлекеттік органдардың сайттарын бір жерге біріктірген - «Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына» тоқталды.
Оның айтуынша, аталған платформа мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын әзірлеу мен қолдауға кететін шығындарды азайтып, бүгінде 3 мыңнан астам веб-сайт салынып, 35 млн-нан астам адам кірген.
Өткен жылдың соңында екі Мемлекет басшыларының келісімдері аясында Қазақстан электрондық үкімет саласындағы шешімдерін Тәжікстанға беру туралы келісімге қол қойылып, нәтижесінде қазақстандық мамандар тәжік әріптестерін бірыңғай платформамен жұмыс істеуге үйретіп, бүгінде мемлекеттік органдардың веб-сайты құрылған. Одан бөлек, Тәжікстаннан 100-ден астам жас мамандар 6 IT мамандығы бойынша білім алуда.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізіліп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды.
Кездесуде Президенттер бұл құжат қазақ-тәжік қатынастарын жаңа деңгейге көтеріп, ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар, сауда-экономикалық әріптестікке ерекше назар аударылып, сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға жеткізу маңыздылығы айтылды.
Одан бөлек, мемлекеттік сапар аясында 15 құжатқа қол қойылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігі арасындағы мұнай-газ саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Тәжікстан Республикасының Орталық сайлау және референдум жөніндегі комиссиясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Тәжікстан жастар одағы» қоғамдық ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға және тағы да басқа құжаттарға қол қойылды.
Енді екі ел арасында энергетика, цифрлық даму, мәдениет, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастық кеңейе түспек.
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасап, мемлекеттік сапар барысында қол жеткізілген келісімдер мен екі мемлекет арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастық пен қолға алынған және жоспарланған жобалардан хабардар етті.
Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 1 млрд доллардан асса, оның 860 млн долларға экспорт жасалған. Бидай, табиғи газ, арпа, макарон, алюминий оксидтері экспортталса, мыс, цинк, қорғасын, кептірілген жемістер, көкөніс түрлері импортталған.
Еліміз Тәжікстанға 85 тауар түрін эскпорттауға әзір екендігін жеткізсе, Тәжікстан тарапы да экспорт түрін арттыруға ниетті.
Биылғы алты айдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу 12 пайызға ұлғайып, сауда айналымы 300 млн долларға жеткен. Осы саладағы былтырғы тауар айналымы 504 млн долларды құраған болатын.
Одан бөлек, Тәжікстан етпен өздерін 58 пайыз қамтитындықтан, енді етті Қазақстаннан алуды жоспарлап отыр. Биылдың өзінде 1600 бас мал жіберілген.
Мемлекеттік сапар аясында қазақ-тәжік инвестициялық форумы ұйымдастырылғаны да мәлімделді. Аталған форум аясында жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен санын арттыру, көлік және IT салаларындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар, бірлескен агрожобалар пулын кеңейтуге жәрдемдесу жолдары талқыланды.
Қазақстан және Тәжікстан компаниялары арасында екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, нәтижесінде 900 млн доллар көлемінде екіжақты келісімшарттарға қол қойылған.
Бірлескен мәлімдемеде еліміз IT-саласында жәрдемдессе, Тәжікстан тарапынан су жеткізуге байланысты қолдау көрсетіліп жатқандығы хабарланды.
Екіжақты ынтымақтастықта жастар арасындағы қарым-қатынастардың маңыздылығы, білім және ғылым салаларындағы әріптестікті дамыту жолдары талқыланды.
Қазақстан Тәжікстаннан келетін студенттерге ең көп білім гранттарын қарастырған және тәжік әскери-техникалық мамандарын оқытуға қосымша мүмкіндіктер қарастырмақ. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М. Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен ақпараттық технологиялар факультетінің ашылуы келісілді.
Кездесу соңында екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтындықтарын айта келе, Одақтастық қатынастар туралы шарт стратегиялық серіктестікті нығайта түсетіндігіне сенімдерін білдірді.
Биылғы жылдың 20-22 тамыз күндері аралығында Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері ұйымдастырылып, оның аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Соның бірі, осы күндер аясында ұйымдастырылған қазақ-тәжік өнер майталмандарының қатысуымен ұйымдастырлған гала-концертті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон тамашалады.
Елімізден Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаева, Темірлан Бейсембай (Ratovich), «El Voice» тобы, Фарух Тохтамуратовтар, Astana ballet балет труппасы мен симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры өнер көрсетті. Сахнада екі елдің танымал музыкалық шығармалары мен әлемдік классика репертуарлары ұсынылды.
Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев бюстінің ашылу салтанаты өтіп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысып, салтанатты іс-шараның қос халықты жақындастырып, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыта түсетіндігіне сенім білдірді.
Одан бөлек, мәдениет күндері аясында еліміздің көркем фильмдері көрсетіліп, көрмелер мен қазақстандық әншілердің қатысуымен концерттер ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысының мемлекеттік сапары ертең де жалғаспақ.
Айта кету керек, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылы орнатылып, БҰҰ, ТМД, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасауда.