Қазақстанның сыртқы саясаты екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты орнатуға бағытталғандығымен, тепе-теңдікті сақтауға ұмтылысымен, белсенділігімен ерекшеленеді.
Осы аптада Сыртқы істер министрлігімен бірқатар шет мемлекеттермен іс-шаралар, атап айтқанда қабылдаулар, сенім грамоталарын тапсырулар, кездесулер мен консультациялар ұйымдастырылды.
Мәселен, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұловамен кездесіп, қордың қызметі, атқарған жұмыстары мен жоспарларын, аталған ұйым аясында ынтымақтастықты дамыту жолдарын, биыл Қырғызстанда жоспарланған кезекті 11-ші саммитке дайындық барысын талқылады. Айта кету керек, Қор 2015 жылы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен құрылып, оған Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінің басшылары қолдау көрсеткен болатын. Басты мақсат – түркі мәдениеті мен мұрасын сақтауға, зерделеуге, насихаттауға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру.
Сонымен қатар, Мұрат Нұртілеу Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) Бас директоры Берік Арынды қабылдап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Тараптар климаттың өзгеруі, су ресуртарына қатысты жаһандық мәселелермен қатар, келесі жылы ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі мен АҚИҰ Бас ассамблеясының 7-ші сессиясына дайындық барысы қарастырылды.
Биыл еліміздің Солтүстік Македониядағы елшілігі ашылып, оның аясындағы екіжақты ынтымақтастық, әсіресе сауда және инвестиция бағыттарында жұмыс барысы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Солтүстік Македония Республикасының Елшісі Сали Лиманимен өткен кездесуде талқыланды.
Қазақстан дипломаты Солтүстік Македонияның тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, Сали Лиманиге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан ел басшылығына құттықтау хаттарын табыстады.
Осы аптада, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Доминикан Республикасының Қазақстан Республикасындағы қоса атқарушы ретінде жаңадан тағайындалған Елшісі Алехандро Ариас Сарсуэладан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдап, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, туристік салалардағы ынтымақтастықты талқылады.
Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі Нұрлан Ноғаев Түрікменстанның Президенті Сердар Бердымухамедовке сенім грамоталарын табыстап, екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты талқылады.
Түрікменстан Президенті Елшіні жаңа лауазымымен құттықтап, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудағы жауапты ісіне сәттілік тіледі. Кездесуде биыл саябақ кешенінде қазақ композиторы мен музыканты Құрманғазы Сағырбайұлына мүсін орнатылғандығы айтылды.
Екі мемлекеттің тарихи және мәдени ортақтастығының арқасында тығыз қарым-қатынас орнап, өзара іс-қимылдың берік іргетасы қалыптастырылғаны мәлімделді.
Мұрат Нұртілеудің Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен кездесуінде Қазақстанның Ұйымға төрағалығының аралық қорытындылары мен Қырғызстандағы кезекті саммитке дайындық барысы пысықталды.
Еліміздің төрағалығы аясында ынтымақтастықтың 30 түрлі саласы бойынша 80-нен астам іс-шаралар ұйымдастырылса, соның бірі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуі болды.
Арменияда алғаш рет ұйымдастырылған «Yerevan Dialogue 2024» халықаралық форумында түрлі елдердің саясаткерлері, ғалымдары, азаматтық қоғам өкілдері климаттың өзгеруі, мемлекеттер арасындағы қақтығыстар, әлемдегі технологиялардың дамуы мен денсаулық сақтау саласындағы өзгешеліктер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Аталған форумға қатысқан Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров теңізге шыға алмайтын елдердің байланыстылығын, шекаралас мемлекеттер арасындағы ғана емес, географиялық жағынан алыс елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар, Оңтүстік Кавказдағы шиеленіс жайы талқыланып, бұл бағыттағы Қазақстанның рөлі айтылды.
Форум аясында Қазақстандық дипломат Мажарстаннан, Грузиядан, Сербиядан келген әріптестерімен қатар, Дүниежүзілік экономикалық форумның Еуропа және Еуразия бөлімінің басшысы Эндрю Каруана Галициямен кездесті.
Одан бөлек, апта ішінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия Елшісі Павел Шепелякпен кездесіп, қазақ-чех арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық әріптестікті талқылады.
Екі ел арасындағы сауда көлемі өткен жылы 48 %-ға өсіп, 627 млн долларды құраса, биылғы жылдың 7 айында тауар айналымы 317,3 млн долларды құрап отыр.
Бұл ретте, Қазақстан ауыл шаруашылығы, машина жасау, көлік, энергетика салаларында жетістікке жеткен чех компанияларымен ытымақтастыққа қызығушылық білдіруде.
Сондай-ақ, елімізге жаңадан тағайындалған Эстония Елшісі Яап Орамен кездесуде, жасыл энергетика, білім, инновация, экология, технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Эстониямен тауар айналымы 2023 жылы 29%-ға өсіп, 157,5 млн долларды құраса, биылғы жылдың 7 айында 50,3 млн долларды құраған. Қазақстандық дипломат Эстониялық әріптесіне дипломатиялық қызметінде сәттілік тілеп, Қазақстан мен Эстония арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуда бірлескен жоспарларды атап өтті.
12 қыркүйекте Роман Василенко Еуропалық одақтың Арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесіп, көлік, логистика, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жүзеге асыру арқылы серіктестікті одан әрі нығайтуды қарастырды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына құрметті қонақ ретінде келген Тери Хакала, шақырғаны үшін қазақ еліне алғысын білдіріп, ойынның ұйымдастырылуында «көшпенділер рухын» сезінгендігін хабарлады.
Кездесу соңында Қазақстан-Еуропа қарым-қатынастарының барлық спектрі бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыруға келісті.
13 қыркүйекте Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин миссиясының аяқталуына орай БҰҰ Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сториді қабылдады. 2020 жылдан бастап Қазақстанда қызметін атқарып келген үйлестіруші Микаэла Фриберг-Сториге алғысын білдірген А.Рахметуллин, бірлескен жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық дамуды одан әрі нығайтуға бағытталған ұлттық және өңірлік деңгейдегі бағдарламалар мен жобалардың іске асырылғанын атап өтіп, еліміздің халықаралық ұйыммен ынтымақтастығындағы жоспарларды талқылады. Қабылдау соңында алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Осы аптаның тағы бір жаңалығы, әлемге әйгілі американдық «PepsiCo» компаниясының 160 млн доллар көлемінде инвестицияға Алматыда «Lay’s» брендімен картоп чипстерін өндіретін кәсіпорын салу арқылы 350-ге жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлауы.
Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «PepsiCo» компаниясының Орталық Азия, Кавказ және Беларусь елдеріндегі жеткізу тізбегін дамыту жөніндегі аға директоры Константин Федорчукпен кездесу барысында айтылды.
Ә.Қуантыров аталған жобаның өңірдің дамуына, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізетінін жеткізсе, К.Федорчук Қазақстан үкіметінің қолдауына ришалығын білдіріп, компания тарапынан бұл секілді ірі инвестицияларды алдағы уақытта да көптеп салу жоспарланғанын мәлімдеді.
Аталған кәсіпорын ішкі нарықтың ғана сұранысын қанағаттандырып қоймай, Оратылық Азия елдеріне шығаруды жоспарланғандықтан, өндірісті кеңейтуді көздеуде.
12 қыркүйекте Минскте өткен Қазақстан-Беларус сыртқы істер министрліктерінің аралық консультациясы өтіп, оған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Назарук қатысты.
Консультациялар барысында саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы қазақ-беларусь қарым-қатынастары талқыланып, түрлі деңгейдегі бірлескен іс-шараларды дайындау, екіжақты сауда бағытын дамыту, транзиттік әлеуметті жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Нәтижесінде екі ел Министрліктері арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.