16.09.2024 в 22:41

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Қаратау ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 631 шақырымды құрайтын 595 көше бар, оның 414 шақырымы асфальттанған, 197 шақырымы шағал таспен жабылған, ал 20 шақырымға созылған көшелер әлі топырақ жол күйінде қалып отыр.

Өткен 2023 жылы аудан бойынша 50 шақырымға созылған 70 көшеге асфальт төселіп, жұмыс толығымен аяқталды. Сонымен қатар, 41 көшеге (33 км.) шағал тас төселді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауданның жол инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып, тұрғындар үшін көлік қатынасы жеңілдеді.

Ағымдағы 2024 жылы аудан аумағында 33,2 шақырымды құрайтын 45 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда барлық көшелерде құрылыс жұмыстары басталып, аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда. Жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін, ауданның асфальтталған көшелерінің үлесі 77,6%-ға жетеді.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында 2024 жылы 7000 шаршы метр аумақта ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына тротуар салу көзделген. Бұл тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жасалып отырған маңызды қадам.

Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы жолдарды жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Жалпы көлемі 20 000 шаршы метрді құрайтын 494 үйдің ауласына асфальт жолдар төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы жүзеге асырылуда.

Қаратау ауданындағы тұрғын үйлердің жарықтандырылуы да басты назарда. Аудан аумағында 603 үй бар, оның ішінде 52 үйге жарық орнатылған. 2023 жылы 9 үй жарықтандырылса, 2024 жылы 13 үйге жарық орнату жоспарланып отыр. Бұл үйлердің қатарында Арғынбеков көшесіндегі 8 үй мен ӘІО аумағындағы 5 үй бар. Қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталып, келісім-шарт түзу жұмыстары жүргізілуде.

Қаратау ауданында су алу қаупі бар орындар да назарға алынып, тиісті шаралар атқарылуда. 2023 жылы 17 мекенжайда ұзындығы 15,1 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер салынды. Ал 2024 жылы ұзындығы 9,5 шақырым болатын 11 орынға ирригациялық арық жүйелерін салу жоспарланып отыр. Қалған 9 орынға қатысты жұмыстар 2025 жылы атқарылады.

Аталған инфрақұрылымдық жобалар Қаратау ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастамалар ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлкен серпін беріп, елді мекеннің жалпы көрінісін өзгертуге ықпал етпек.