25.09.2024 в 17:02

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы Қытайда таныстырылды

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың басында орнап, сол жылдың желтоқсанында еліміздің Елшілігі ашылды. Оның мақсаты – екі ел арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, Қазақстанның сырты саясатын іске асыру, Қытайдағы қазақстандық азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделері мен құқықтарын қорғау, мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттар жобаларын жасау, орындау, тоқтатуға қатысу және тағы басқалар.

Бүгінде ҚХР территориясында Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігінен басқа Сянган, Шанхай, Сиань қалаларында Бас консулдығы болса, Үрімшіде паспорттық-визалық қызмет бар.

2022 жылдан бастап Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Алматы қаласының тумасы Шахрат Нұрышев қызмет атқаруда.

Елшіліктің негізгі қызметін жүзеге асыру мақсатында түрлі кездесулер ұйымдастырылып, келісімдерге, маңызды құжаттарға қол қойылуда.

Мәселен, биылғы жылдың қыркүйегінде Елші Қытайдың достық қоғамы төрағасы Ян Ваньминмен кездесуде екіжақты мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастықтың бүгінгі жайы мен болашағын талқылап, атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды қарастырды.

Сонымен қатар Ян Ваньминге Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттармен таныстырып, Әділетті Қазақстанды құрудағы жұмыстардан хабардар етті.

Сонымен қатар, келер жылы өтетін ШЫҰ және «Орталық Азия - Қытай» саммиттері аясында өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу ұсынылды. Қос мемлекеттер басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын жүзеге асыру мақсатында Ш.Нұрышев халық дипломатиясын дамыту маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысының Жолдауы «Қазақстан халқына Жолдау және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының болашағы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде де талқыланды.

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде өткен жиынға Қытай халықаралық іскер академиясының, Коммерция министрлігінің жанындағы Халықаралық сауда және экономикалық институтының, халықаралық зерттеулер иниститутының сарапшылары мен жетекшілері, партия өкілдері қатысты.

Дипломат Жолдаудың негізгі тармақтарымен, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың даму жағдайымен таныстырып, онда барлық салалар қамтылғанына қатысушылардың назарын аударды.

Қытайлық сарапшылар Жолдауды тыңдай келе, барлық тармақтары, елдегі өзгерістер халықтың игілігіне, пайдасына жасалып жатқанына ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар, елдің инвестициялық ахуалын жақсарту, жасанды интеллекті дамыту, салаларды цифрландыруға нақты шаралар көзделгенін назарға ала отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы Инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді қайта жандандыру ұсынылды.

Одан бөлек, дөңгелек үстелге қатысушылар екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтармен қатар, халықаралық ұйымдар аясындағы серіктестікті талқылады.

Қытайдағы қазақ жастарын қолдау мақсатында қазақ студенттері қауымдастығының алғашқы құрылтайы ұйымдастырылып, Бейжіңде оқитын 100-ден астам студенттер қатысты. Жастарға тұрып жатқан ел мен оқитын Университеттерінің заңдары мен ішкі ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндіріліп, қазан айында жоспарланған республикалық референдумға қатысу мүмкіндігі айтылып, Қытай аумағындағы сайлау учаскелерінен хабардар етті.

ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньмен кездесуде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қорытындысымен қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын талқылап, алдағы жоспарланған іс-шаралар кестесі бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ, Шахрат Нұрышев Нинся-Хуэй автономиялық ауданының Сыртқы істер басқармасының басшысы Бай Юйчжэньмен кездесуде еліміздің бұл автономиялық ауданмен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты талқылап, Қазақстан өңірлерінің инвестициялық мүмкіндіктерін зерделеу ұсынылды.

Одан бөлек, Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен басымдықтары түсіндіріліп, әр саладағы серіктестік бойынша мүмкіндіктер қаралды. Сонымен қатар, тараптар алда жоспарланған «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы», «Қазақстандағы Қытай туризмі жылы» және «Орталық Азия - Қытай» іс-шараларының өткізілуін талқылады.

Айта кету керек, Нинся-Хуэй автономиялық ауданда 7,25 млн халық тұрса, оның көпшілігін ханьдар мен хуэйлер құрайды. Өткен жылы елімізбен тауар айналымы 25,7 млн долларды құраған.

Тағы бір маңызды кездесулердің бірі Гуйчжоу өлкесі Халық үкіметі Коммерция департаментінің директоры Лю Цзиньсунмен өтті. Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Қуаныш Амантай қатысқан отырыста транзиттік-көліктік, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың даму перспективалары мен жоспарлар бойынша пікірлер айтылды.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Гуйчжоу өлкесімен ауда айналымы 7,15 млн долларды құрады.

Жалпы айтқанда, еліміз Қытаймен түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытып, оны дамыту бойынша қарқынды жұмыстар атқаруда.