22.10.2024 в 18:17

Түркістанда халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалі өтуде

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалі өтуде. Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Қазақ тілін, төл музыканы, қазақстандық үздік шығармаларды насихаттауды мақсат ететін халықаралық әндер фестиваліне Армения, Грузия, Кипр, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Косово, Болгария, Әзербайжан, Башқұртстан, Куба, Испания, Индонезия, Венесуэла, Татарстан, Грузия, Түркия елдерінен 18-35 жас аралығындағы халықаралық байқауларда жеңіске жеткен әншілер қатысып, бақтарын сынауда.

Халықаралық байқаудың Түркістанда өтуінің бірден-бір мақсаты – түркі әлемінің рухани астанасын насихаттау болып табылады.

Алғашқы күні жеребе тастау рәсімі ұйымдастырылып, қатысушылардың реттік кезектері анықталды. Киіз үйде қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Республика күніне орай ұйымдастырылған «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалінің салтанатты ашылуында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Таланттарды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов бастаған елге танымал композиторлар мен продюсерлер, орындаушылар бағалауда.

Екі күнге созылатын байқаудың шартына сәйкес қатысушылар бірінші күні еліміздің өнерпаздарымен дуэт айтса, екінші күні өз таңдауларына сай қазақ әнін орындайды.

Байқау қорытындысымен қатысушылар Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, арнайы жүлделермен қатар ынтыландару сыйлықтары табысталатын болады.

Бүгінде қатарынан бес жыл өткізіліп отырған байқау, аз уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі байқаулардың біріне айналып, шет ел өнерпаздарының жыл санап қызығушылығын арттыруда.