16.11.2024 в 11:00

ШАХМАТ ТУРНИРІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Шахмат – ақыл-ой мен танымдық қабілеттерді дамытудың қуатты құралы саналатын ойын түрі. Уақыт өте келе шахмат аналитикалық ойлауды, жоспарлауды, шоғырлануды және проблемалық ойлауды дамытуға ықпал ететін интеллектуалды ойын ретінде үлкен танымалдыққа ие болды. Ойын-сауықпен қатар, шахмат ойынының ұсынатын көптеген артықшылықтары бар.

Шымкент қаласында Ұлттық валюта – теңге күніне орай шахматтан «KMF TENGE CHESS OPEN CUP 2024» турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарыста 12 жасқа дейінгі және 16 жасқа дейінгі қатысушылар бақ сынады. Зияткерлік сайысты өткізудегі басты мақсат – өрендердің білім көкжиегін кеңейтіп, теріскейде аталған спорт түрін дамыту.
-    Шахмат ойнау жоғары концентрация мен зейінді қажет етеді. Шахмат ойыны - бұл ойыншылар өз қадамдарын стратегиялық түрде жоспарлайтын және ықтимал нұсқалар мен салдарды талдайтын тапқырлар шайқасы. Бұл логикалық ойлауды және қозғалыстардың ретін есептеу қабілетін жаттықтырады, болжау және есептерді шешу дағдыларын дамытады. Жалпы турнирдің мақсаты – мектеп жасындағы балалар арасында салауатты өмір салтын және шахмат спорт түрін насихаттау, жас дарындарға қолдау көрсету, зияткерлік спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру, - дейді Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастырушы-менеджері Сейтжамал Асатуллаұлы.

Спорттық іс-шара жылда дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Бұған дейінгі турнирлерде жеңімпаздар жалпы команда бойынша анықталса, ал биыл жекелей сында да мықтылар марапатталмақ. Жарыс соңында жүлделі орын иелерлеріне ақшалай сыйлықтар мен медальдар табысталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға жіті көңіл бөліп, Үкіметке бірқатар маңызды тапсырмалар берді.
«Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді», деген болатын.