27.11.2024 в 14:17

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімдері өтті

Қазақстанның Төтенше және өкілетті Елшісі барған елдегі еліміздің өкілетті өкілі болып табылады.

Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқаннан кейін онда Елшіліктер мен консулдықтар ашылып, сол елдің екінші бір елдегі Төтенше және өкілетті Елшілері тағайындалады.

Тек биылғы жылдың қарашасында бірқатар Елшілер сенім грамоталарын салтанатты түрде табыстаса, кейбірінде дипломатиялық миссияларының аяқталуымен шығарып салу рәсімдері өтті.  

Дипломатиялық қарым-қатынастар осыдан 32 жыл бұрын орнаған Қазақстан мен Швеция арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Қазақстаннан Швецияға тамақ өнімдері, шикізат, химия өнеркәсібі өнімдері экспортталса, Швециядан көлік құралдары, қағаз бен картоннан жасалған бұйымдар, ағаш бұйымдары, техникалар, жабдықтар экспортталады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі лауазымына Олжас Сүлейменов тағайындалған болатын.

Ал, қарашада қазақстандық дипломат Швеция Патшасы Карл XVI Густавқа сенім грамоталарын табыстап, Мемлекет басшысының ізгі тілектерін жеткізді.

Кездесуде Елші елдегі саяси реформалардан хабардар етіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жұмысының басым бағыты екенін хабарлады. Одан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе, еліміздің жаһандық климаттық күн тәртібінен, көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі Қазақстанның мақсаттарынан, Арал теңізін сақтау бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Сонымен қатар, кездесуде «жасыл» технологиялар, машина жасау, су ресурстары, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар салаларындағы әріптестікті дамыту жолдарын талқылады.

Кездесу соңында Швеция патшасы қазақстандық дипломатқа жаңа қызметіне сәттілік тілеп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуда белсенділік танытатынына сенім білдірді.

1992 жылдың сәуір айында дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған тағы да бір ел - Оман Сұлтандығы. Онда Қазақстанның елшілігі 2010 жылы ашылған болатын.

Биылғы жылдан бастап бұл елдегі Төтенше және өкілетті елші қызметін ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар Айдарбек Тұматов атқаруда.

Қазақстандық дипломат қарашада Оман Сұлтаны Хайсам бин Тариққа сенім грамоталарын табыстап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, еліміздің өнімдерін Парсы Шығанағы елдеріне тасымалдау, түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайту бағыттарын талқылады.

Сондай-ақ, Елші Қазақстан Президентінің Оман Сұлтанына елімізге өзіне ыңғайлы уақытта келуге шақыруын тағы да растады.

1992 жылы қыркүйекте дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған Қазақстан мен Нидерланд арасындағы ынтымақтастықтың бүгіні мен перспективалары Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың Нидерланд Королі Виллем-Александрға сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімінде талқыланды.

Ал, Любляна қаласында Президент сарайында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекеновтің Словения Президенті Наташа Пирц Мусарға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізіп, екі ел арасындағы әріптестікті дамытуға мүдделі екенін растады.

Словения Президенті Елшіні дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кету керек, келесі жылы Словения Президентінің Қазақстанға сапары жоспарлануда және бұл ресми сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім мол.

Одан бөлек, Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға жаңадан тағайындалған Кипрдің Елшісі  Петрос Накусистен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко арнайы қабылдап, сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары, перспективаларымен қатар, биылғы жылдың басында Кипр Сыртқы істер министрінің Астанаға ресми сапары сапарында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің жүзеге асырылуы мен сауда-экономикалық әріптестікті дамыту жолдары талқыланды.

Айта кету керек, биылғы жылдың 9 айында Қазақстан-Кипр тауар айналымы 6,1 млн долларды құраса, оның ішінде экспорт – 5,2 млн, импорт – 918,6 мың құраған. Ал, 2023 жылы бұл көрсеткіштен 5 есеге төмен, яғни тауар айналымы 1,6 млн долларды құраған. Бірлескен кәсіпорындардың саны - 60, 2005 жылдан бергі тікелей инвестицияның көлемі 4,5 млрд доллардан асады.

Сондай-ақ, екі мемлекеттің БҰҰ Жарғысын құрметтеуге міндеттемесі аталды.  

Кездесу соңында Кипр Елшісі жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда аянбай қызмет ететінін жеткізді.

Одан бөлек, Роман Василенко Солтүстік Македонияның Елшісі Сали Лиманиді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.

Министр орынбасары Сали Лиманиге екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда атқарған жұмысы үшін, әсіресе 88 жылдық тарихы бар «Alkaloid» танымал фармацевтикалық компанияның еліміздің нарығына кіруі және Солтүстік Македония делегациясының Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуын ерекше атап өтіп, алғысын білдірді.

Роман Василенко Қазақстанда 4 жыл атқарған қызметін ерекше бағалайтынын жеткізіп, Сыртқы істер министрінің атынан алғыс грамотасын табыстап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Солтүстік Македония Елшісі жылы қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуына үміт артты.