29.11.2024 в 10:50

Қырғызстан келер жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді

ТМД Әскери-саяси ұйымы саналатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) осыдан 32 жыл бұрын Ташкент қаласында Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен құрылған болатын.

Кейіннен ұйымның құрамына Әзірбайжан, Беларусь, Грузия қол қойғанымен, әр 5 жыл сайын келісімді ұзарту туралы келісімге Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан қол қоймаған. Бүгінде ұйымға 6 ел мүшелік етуде.

Ұйымның басты бағыты – аймақтық және шағын қақтығыстардың алдын алу, халықаралық лаңкестікпен, ұйымдасқан қылмыспен, экстремизммен, қару және есірткімен күреске бағытталған.

Ал, 2002 жылы ұйымның атауы өзгертіліп, ҰҚК Ұжымдық қауіпсіздік келісімі деп аталды. Күрделі геосаяси жағдайда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – басты міндет, ал бұл міндеттерді жүзеге асыруда Ұйымның белсенділігі өте маңызды.

Биыл Қазақстан ұйымға төрағалық етуіне орай, елімізде шағын құрамдағы сессия отырысы ұйымдастырылып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Бүгінде сын-қатерлер жағдайында мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен қолдаулардың арқасында ауқымды міндеттерді шешуде ұйым үлкен рөл атқаруда. Ал, осы елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуда, дағдарыс жағдайларында жетел әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыруда Қазақстан аянбай еңбек ете білді.

Ұйымға Төрағалығы аясында еліміз кибершабуыл, трансұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы, терроризммен күресте Ұйым мүмкіндіктерін барынша қолдануға ерекше назар аударылды.

Сессия отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан ұйымға төрағалығы барысында қойылған міндеттердің баршасын орындағанын, атап айтқанда түрлі форматтағы отырыстар ұйымдастырылып, әскери оқу-жаттығулар өткенін, профилактикалық операциялар ұйымдастырылғанын, халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы ықпалдастық, ұжымдық қауіпсіздікке қатысты қабылданған бірқатар құжаттарға  қол қойылғанына тоқталды.

Қыркүйек-қазан айларында «Мызғымас бауырластық-2024» Бітімгершілік күштердің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» арнайы оқу-жиыны өткен.

Ал, ең маңыздысы 2013 жылы бастау алған тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның аяқталуы болды.

Жиында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері қаралып, Қазақстанның биылғы жылғы Төрағалығының қорытындысы айтылып, алдағы уақытқа жоспар талқыланды.

Одан әрі, Ұйымның кеңейтілген құрамдағы отырысы ұйымдастырылып, онда ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин қосылды.

Сессия жұмысын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға ризашылығын білдіріп, одан әрі Ұйымның тарихы мен болашағын, атқарылған жұмыстар мен жоспарларды талқылады.

Мемлекет басшысының айтуынша, ынтымақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар саяси құжаттар, оның ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық, Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты құжаттар қабылданған.

Отырыс қорытындысымен президенттер Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, тәжік-ауған шекарасын нығайту мәселелері, Жеңістің 80 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастыру секілді бірқатар маңызды құжаттарға қол қойған.

Мемлекет басшысы Ұйымның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, 2025 жылдың 1 қаңтарынан ҰҚШҰ-ға төрағалық Қырғызстанға өтуі бойынша шешімнің қабылдануымен Садыр Жапаровты құттықтап, сәттілік тіледі.

Осы ретте Қырғызстан Президенті сөз сөйлеп, төрағалық аясында бейбітшілікті нығайтып, қауіпсіздікті сақтау бағыттарындағы жоспарларымен бөлісті.

Ал, ұйымның келесі отырысы 2025 жылы Қырғызстанда ұйымдастырылады.