04.12.2024 в 20:51

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫ БОЛУ МАҢЫЗДЫ

«Алтын орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен тең мүмкіндіктер жобасы аясында «Қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында мастер класс өтті. Қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған шеберлік сыныбын заңгер, медиатор, қоғамдық кеңес мүшесі Айжан Кесебаева жүргізді. 

Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Әрі жалпы экономиканың өзі азаматтардың қаржылай сауаттылығына байланысты. 

- Қаржылық сауатты болу бүгінде заман талабы. Себебі күнделікті өмірде қаншама операциялар орындау қажет. Ертеректе қаржылық сауаттылықты тек арнайы мамандар ғана меңгерсе бүгінде оны балалардан бастап қарт кісілер де білуі тиіс. Осы мақсатта колледж студенттеріне мастер класс өтіп жатырмыз. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады, - деді өз сөзінде спикер Айжан Кесебаева.