Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясында өткен One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, іс-шараны өткізуге қолдау көреткен Францияға, Сауд Арабиясына және Дүниежүзілік банк тобына, сонымен қатар Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазизге және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ризашылығын білдірді.
Саммитте сөйлеген сөзінде Президент әлемде су тапшылығына ұшыраған елдердің аз еместігін айтып, бұл бағытта бірлесе шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Әлемде 2 млрд астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 млрд астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Орайлы сәтті пайдалана отырып, су тапшылығымен бетпе-бет келген елдер мен өңірлердің барлығына көмек көрсету жоспарын жариялағаны үшін Жоғары Мәртебелі Корольге шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді Президент.
Өз сөзінде жер көлемі үлкен болғанымен, теңізге шығатын жолы жоқ, су қадірін жақсы түсінетін ел ретінде, сондай-ақ су таусылатын ресурс ретінде оның қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.
Тіршіліктің бастауы саналатын су, жер шарының жетпіс пайызын құрасада, әлемде таза судың тапшылығы артуда. Өнеркәсіп өркендеген сайын, су қорлары ластана түсуде.
Бұл ретте Қазақстан Президенті судан таршылық көрмеу үшін су қоймаларының әлеуетін арттыруды, суарудың инновациялық жүйесін енгізуді, мұздықтарды сақтауды, сонымен қатар бұл бағыттағы жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
– Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Әр адамзат таза ауыз суды тұтынуға құқылы. Бұл бағыттағы инвестициялар тарту арқылы бірқатар елдердің өсімін қамтуға болады.
Ал, еліміздің таза ауыз суға жету жолындағы Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы, бұл саладағы Қазақстанның айқын бағытын көрсетеді.
Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан 1 млрд-тан астам адам зардап шегетіндіктен, Қасым-Жомарт Тоқаев қауіп-қатерді азайту үшін ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру қажет деп санайды.
Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде су тапшылығын жоюдағы бірлескен әрекетті әрқашан қолдайды.
Бұл бағыттағы жаңашылықты жақтайтын One Water Vision коалициясына қосылса, 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізуді жоспарлауда.
«Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив», - дейді Президент. Бұл бағыттағы проблеманы шешуде Қазақстан өз үлесін қосуға дайын.
Саммитте Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы (GCEW) Йохан Рокстрем, Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен қатар, бірқатар мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың, қауымдастықтар мен компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев саммит аясында Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылады.
Бүгінде бірлескен 3,5 млрд долларды құрайтын су ресурстары, көлік, білім беру салаларындағы 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Дегенімен, банк Жезқазған-Қарағанды автомагистралінің құрылысына, сонымен қатар экономика бағытында тағы да инвестиция салуға мүдделі.
Кездесу соңында Президент екіжақты диалогты жандандырып, алдағы бірлескен жұмысты талқылау мақсатында Дүниежүзілік банк тобының президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.