07.12.2024 в 23:16

Президент Қатарға мемлекеттік сапармен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумының панельдік сессиясына қатысу үшін Қатар Мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Президент алдымен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Танимен және бірқатар компаниялардың басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді.

Қазақстан мен Қатар сенімді серіктестік қатынастарды құптайды. 1993 жылдың шілдесінде орнаған дипломатиялық қарым-қатынастар, жоғары деңгейдегі белсенді байланыстармен, кездесулер мен қабылдаулармен ерекшеленеді.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық жыл санап артып отыр. Елдің кәсіпкерлері мен азаматтары визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20 рейтің игілігін көруде. Дегенімен, Қатар Мемлекетіне еліміздегі ең ірі 10 инвесторлардың қатарына енуге мүмкіндік көп.

Соның бірі, Power International Holding компаниясының иелерімен кездесу болды. Бұл компанияның басшылары Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдау барысында энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды.

Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатын, газ саласындағы бірқатар жобаларға қатысатын Power International Holding, 2026 жылы іске қосу жоспарланған Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, жаңа компрессор станциясын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін салуға қатысады.

Өз кезегінде компания басшылары Қазақстанмен жүзеге асыруға келісілген ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарларымен, сонымен қатар 2029 жылы іске қосылу жоспарланған және бүгінде келіссөздер жүргізіліп жатқан Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобаларынан хабардар етті.

Тіпті компания жасанды интеллект бағытында да елімізбен бірлескен жобаларға әзірлігін жеткізген болатын.

Президент кездесуде қазақ үкіметі тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктер, жеңілдіктерден хабардар ете отырып, әр жұмысты сапалы орындаудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдауында энергетика  саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әсіресе жақында компания мен «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының арасында қуаттылығы 300 мегаватт болатын Семей ГЭС-інің құрылысына қатысты келісімге келгені айтылып, Президент бұл келісімді қолдайтынын жеткізді. Бұл жоба 2031 жылы іске қосылатын болады.

Сонымен қатар, қабылдауда 2030 жылға дейінгі энергия саласындағы жоспарлар, еліміздің «жасыл» энергетика саласындағы әлеуеті қаралды.

Естеріңізде болса, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатардың Консультативтік кеңесіне қатысып, парламент мүшелерінің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетелдік Президент болған.